Қатар әмірі Астана халықаралық форумына қатысады

None
Фото: aa.com.tr
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл Тани Астана халықаралық форумының жұмысына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.

Әмірлік - Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды экономикалық серіктесі.

Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің басшылары арасындағы жиі кездесулер - осының дәлелі.

Қазақстан Президенті 2022 жылғы маусымда Дохаға сапармен барды, ал Қатар Әмірі қазан айында Астанаға мемлекеттік сапармен келді.

Екі ел арасындағы қалыптасқан тығыз байланыс сауда-экономикалық қатынастарымыздың дамуына жағымды әсер етуде.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана екіжақты тауар айналымының көлемі 17,7 есе, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикаға қатарлық инвестиция көлемі үш есе өсті.

2005 және 2022 жылдар арасында Қазақстанға Қатар елінен салынған инвестиция көлемі - $56,6 млн.

Оның $13,1 млн 2022 жылы тартылды, бұл 2021 жылғы көрсеткішке қарағанда 3 есе көп.

Сондай-ақ, Қазақстан Премьер-Министрі А.Смайылов 22-24 мамырда Қатар экономикалық форумының жұмысына қатысты.

Іс-шара алаңында ол Қатар әмірімен және Премьер-министрі – сыртқы істер министрімен кездесу өткізді, онда тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға және оны стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізуге тағы да дайын екендіктерін білдірді.

Қазіргі таңда Астанада 2022 жылғы 12 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасында инвестицияны өзара көтермелеу және қорғау шарты қолданыста.

Елдер бірлескен инвестициялық қор құру және сауда айналымының көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар