Қатар-2022: В тобының үздігі кім болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында 29 қарашада В тобында үшінші тур ойындары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топтағы екі ойын да елорда уақытымен 1:00-де басталады.

Бұл топта барлық құраманың жарысты жалғастыруына мүмкіндігі бар. Екі турдан кейін Англияның - 4, Иранның - 3, АҚШ-тың - 2, Уэльстің 1 ұпайы бар.

Уэльс пен Англия кездесуі «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын Аль-Райан қаласындағы 45032 жанкүйерге арналған «Ахмед бин Али» стадионында болады. Бас төреші - словениялық Славко Винчич.

Екі құрама бұған дейін 103 мәрте кездесті. Оның 14-де Уэльс, 68-де Англия жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Бұл топтағы Иран мен АҚШ ойынын да жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасынан тамашалай алады.

Ойын ел астанасы Доха қаласындағы 44400 жанкүйерге арналған «Эль-Тумама» стадионында өткізіледі. Бас төреші - испаниялық Антонио Лаос.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 1998 жылғы әлем чемпионатында Иран аталған қарсыласын 2:1 есебімен сүріндірсе, 2000 жылы жолдастық кездесуде 1:1 есебі тіркелді.

Еске салсақ, G тобында Камерун мен Сербия 3:3 есебімен тең түссе, Бразилия Швейцариядан 1:0 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, H тобында Гана Оңтүстік Кореяны 3:2, Португалия Уругвайды 2:0 есебімен жеңді.

Фото:tructiephomnayy.blogspot.com
Соңғы жаңалықтар