Қатар-2022: Португалия Франция мен Бразилиядан кейін плей-офф кезеңіне шықты

2022 жылғы 29 қараша, 03:01
Қатар-2022: Португалия Франция мен Бразилиядан кейін плей-офф кезеңіне шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында H тобында Португалия мен Уругвай командалары күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта бірінші турда португалиялықтар тартысты матчта Гананы 3:2 есебімен ұтса, Уругвай Оңтүстік Кореямен тең ойнаған еді.

Екінші турда Гана оңтүстіккореялықтарды 3:2 есебімен тізе бүктіріп, Португалияны қуып жетті. Дегенмен португалиялықтар Уругайды жеңсе, плей-офқа шығатын еді.

Осыдан төрт жыл бұрын Ресейде өткен чемпионатта 1/8 финалда қос команда кездесіп, уругвайлықтар 2:1 есебімен ұтып кеткен болатын. Сонда Эдинсон Кавани қос голдың авторы атанса, Португалиядан Пепе мергендігімен көзге түскен еді. Сол ойында Криштиану Роналду гол соға алмай, қапы кеткен-ді.

Бұл жолы бірінші таймда бастапқыда португалиялықтар допқа көбірек иелік еткенімен, ештеңе тындыра алмады. Есесіне 32-минутта уругвайлық Родриго Бентанкур қос қорғаушының ортасынан сытылып шығып, қақпашы Диогу Коштамен бетпе-бет келді. Тек ерте ұмтылып үлгерген Д.Кошта командасын голдан аман алып қалды.

Екінші кезеңде 54-минутта сол қапталдан Бруну Фернандештің Криштиану Роналдуға қарай асырған добы қақпадан бір шықты – 1:0.

Бұдан кейін уругвайлықтар таразы басын теңестіру үшін барын салды. Шабуылшылар Луис Суарес пен Макси Гомес алаңға тыңнан қосылды. Сол бойда 75-минутта Факундо Пельистриден пас алған М.Гомес қақырата соққан доп қақпа жақтауынан кері қайтты.

Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда, Бруну Фернандеш алға ұмтылғанда, уругвайлық қорғаушы Хосе Мария Хименес қолмен ойнады. 93-минутта Б.Фернандеш 11 метрлік пенальтиден мүлт кеткен жоқ – 2:0. Бұдан соң да португалиялықтардың есепті ұлғайтындай мүмкіндіктері болды.

Осылайша, H тобында Уругвайды 2:0 есебімен тізе бүктірген Португалия алты ұпай жинап, 1/8 финалға жолдама алды. Ганада үш, Уругвай мен Оңтүстік Кореяда бір-бірден ұпай бар. 2 желтоқсан күні Гана – Уругвай, Оңтүстік Корея – Португалия құрамалары өзара кездеседі.

Бұған дейін Франция мен Бразилия құрамалары мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне шыққан еді.

Сонымен, Қатардағы дүниежүзілік додада екінші тур ойындары мәресіне жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Хорватияның Канаданы ірі есеппен ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Испания мен Германия құрамалары тең тарқасты.

Камерун мен Сербия тең түсті.

Швейцарияны ұтқан Бразилия плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Бір матчта екі гол соққан оңтүстіккореялық футболшы рекорд орнатты.


Фото: sports.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar