Қатар-2022: Месси бастаған Аргентина ширек финалға шықты

2022 жылғы 4 желтоқсан, 03:00
Қатар-2022: Месси бастаған Аргентина ширек финалға шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында 1/8 финалда Аргентина мен Аустралия командалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біріншілікті күтпеген жерден Сауд Арабиясынан жеңіліп, сәтсіз бастаған Аргентина құрамасы кейінгі екі ойында жағдайын түзеп, өз тобында бірінші орынға ие болды.

Аустралия D тобында доп айырмасы бойынша Францияны алға жіберіп, плей-офқа жолдама алған еді.

Аргентина мен Аустралияның осыған дейін 7 рет жолдары тоқайласқан. Төрт жолдастық кездесудің үшеуінде аргентиналықтар жеңіске жетіп, біреуі аустралиялықтардың пайдасына шешілген.

1993 жылы 1994 жылғы әлем чемпионатына жолдама алу үшін құрлықаралық бәсекеде Аустралия өз алаңында тең түскен. Сырт алаңда бір ғана доп айырмасымен есе жіберген.

Ал 2005 жылы Конфедерация кубогінде Аргентина ірі есеппен (4:2) ұтқан болатын.

Спорттық жолында мыңыншы мәрте жасыл алаңға шыққан Аргентина капитаны Лионель Месси мықты екендігін тағы бір дәлелдеді.

35-минутта әдемі ұйымдастырылған шабуылдан кейін Месси қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:0. Бұл оның 789-ыншы, әлем чемпионатындағы 9-ыншы голы еді.

Екінші кезеңде 57-минутта аустралиялық қақпашы әрі капитан Мэтью Райанның қателігін пайдаланған Хулиан Альварес есепті 2:0-ге жеткізді.

Дегенмен алаңға тыңнан қосылған аустралиялық шабуылшы Крейг Гудвин 77-минутта тепкен доп аргентиналық қорғаушы Энцо Фернандеске тиіп, қақпада тулап жатты.

Бұл автогол есебінде жазылды. Бес минуттан кейін Лисандро Мартинес Аргентина қақпасын аман алып қалды.

89-минутта керемет ойнаған Мессиден пас алған Лаутаро Мартинес ұрымтал сәтте дәл тебе алмады. Тартысты ойын бұдан кейін де бәсеңсіген жоқ.

Осылайша, Аустралияны 2:1 есебімен жолдан тайдырған Аргентина 9 желтоқсанда Нидерланд құрамасымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бразилияның екі футболшысы әлем чемпионатының қалған ойындарына қатыса алмайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Лионель Месси спорт карьерасында мыңыншы мәрте жасыл алаңға шықты.

Фото: metaratings.ru


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar