Қатар-2022: Мексика құрамасы Сауд Арабиясынан басым түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін С тобында Сауд Арабиясы мен Мексика құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы турдан бұрын аталған топтағы барлық құраманың жарысты жалғастыруына мүмкіндігі болды. Екі турдан кейін Польшада - 4, Аргентинада - 3, Сауд Арабиясында - 3, Мексикада - 1 ұпай бар еді.

Осыған байланысты жанкүйерлер Сауд Арабиясы және Мексика кездесуінен көп үміт күтті. Әсіресе, арабиялық футболшылар жеңіске жетсе, өз тарихында екінші мәрте 1/8 финалға жолдаманы қалтаға басатын.

Рас, әлем біріншілігі басталардан бұрын Сауд Арабиясы ұпай олжалай алмауы мүмкін деген болжам айтқан еді. Соған қарамастан, олар жақсы нәтиже көрсетті. Бірінші ойында Аргентинаны 2:1 есебімен жеңіп, үш ұпайды қоржынға салды. Одан кейін Польшаға 0:2 есебімен жол берді. Десе де жарысты жалғастыру мүмкіндігін үзе қойған жоқ.

Ойын барысында алғашқыда мексикалық футболшылар алға қарай ұмтылды. Оған Сауд Арабиясы лайықты қарсылық көрсетті. Осындай сәттердің бірінде Мексика сапынан Энри Мартин 47-інші, Луис Чавес 52-минуттарда гол соқса, оған Сауд Арабиясы құрамасынан Салем Аль-Давсари ойын соңында бір голмен жауап қайырды.

Осылайша Мексика қарсыласын 2:1 есебімен жеңді. Дегенмен плей-офф сатысына шыға алған жоқ.

Айта кетсек, бұған дейін жарыстың 1/8 финалына Франция, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ құрамалары жолдама алды.


Фото: FRANCOIS NEL/GETTY IMAGES

Соңғы жаңалықтар