Қатар-2022: Килиан Мбаппе сегіз гол соғып, үздік сұрмерген атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында франциялық Килиан Мбаппе сегіз гол соғып, үздік сұрмерген атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франциялық шабуылшы дүбірлі додада жеті ойында 8 гол соғып, әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды.

Ол топтық кезеңде Австралияға (4:1) бір, Данияға (2:1) екі гол соқты. Ал 1/8 финалда Польшамен (2:1) кездесуде екі мәрте мергендік танытты.

Сондай-ақ, ол бүгін финалда Аргентинамен кездесуінде тағы үш мәрте гол соқты. Осылайша сұрмергендер көшінде сегіз голмен жеке-дара көш бастады.

Сұрмермергендер көшінде одан кейін аргентиналық Месси жеті голмен екінші орында тұр. Ал аргентиналық Хулиан Альварес пен франциялық Оливье Жиру төрт-төрттен мергендік танытқан.

Әлем чемпионаты финалдық сатысында барлығы 115 футболшы голдың авторы атанды.

Айта кетсек, дәл қазір финалдағы Аргентина мен Франция кездесуінің негізгі және қосымша кезеңдері аяқталды. Есеп 3:3. Жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталады.

Еске салсақ, қазірге дейінгі 10 кездесудің 7-інде Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері жеңіске жетсе, қалғанында еуропалық құрамалардың мерейі үстем болды.



Фото:CLIVE BRUNSKILL/GETTY IMAGES

Соңғы жаңалықтар