Қатар-2022: Иранды жеңген АҚШ плей-офқа жолдама алды

2022 жылғы 30 қараша, 03:01
Қатар-2022: Иранды жеңген АҚШ плей-офқа жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында В тобында Иран мен АҚШ құрамалары плей-офф жолдамасын сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта екінші турдан кейін Англия 4 ұпаймен көш бастаса, ирандықтар (3 ұпай) 2-орында еді. Сәйкесінше 2 және 1 ұпайы бар АҚШ пен Уэльс құрамалары да жолдамадан үміт үзбеген болатын.

Алдымен Англияға 2:6 есебімен ойсырай ұтылған Иран құрамасы кейін еңсе түзеп, Уэльсті жеңген-ді – 2:0. АҚШ болса, Англиямен де, Уэльспен де тең ойнаған.

Оның үстіне Иран мен АҚШ елдері бір-бірімен қырғиқабақ болғандықтан, аталмыш ойынның саяси астары да бар-ды.

Осыған дейін 1998 жылы Францияда өткен біріншілікте Иран АҚШ-ты 2:1 есебімен ұтып, кейін жолдастық кездесуде тең тарқасқан еді.

Бұл жолы тек жеңіс керек болғандықтан, америкалықтар көп ұзамай-ақ ойын тізгінін қолға алды. 38-минутта Уэстон Маккенни оң қапталға әдемі доп асырды. Оны Сержиньо Дест баспен қақпаға қарай бағыттаса, Кристиан Пулишич мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 1:0.

Екінші кезеңде ирандықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, оларға ұрымтал сәттерде дәлдік жетіспей жатты.

Осылайша, В тобынан Англиямен бірге АҚШ плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1/8 финалда Нидерланд АҚШ-пен, Англия Сенегалмен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Португалияның Франция мен Бразилиядан кейін плей-офф кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Иран-АҚШ матчы несімен әлем назарын аударып отыр.

А тобынан Нидерланд бірінші орынмен плей-офф сатысына шықты.

Эквадорды жолдан тайдырған Сенегал плей-офқа шықты.

Нидерланд құрамасының шабуылшысы өз елінің рекордын орнатты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar