Қатар-2022: Хорватия Канаданы ірі есеппен ұтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында F тобында Хорватия мен Канада құрамалары сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта бірінші турда канадалықтар Бельгияға 0:1 есебімен жол берсе, хорватиялықтар Мароккомен тең тарқасқан еді (0:0).

Екінші турда Марокко сенсация жасап, Бельгияны 2:0 есебімен ұтып, жағдайды әбден шиеленістірді.

Осыдан төрт жыл бұрын әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Хорватия құрамасына канадалықтарды жеңбесе, топтан шыға алмау қаупі төнген-ді. Оның үстіне 2-минутта Альфонсо Дэвис Канаданы алға шығарды – 1:0.

Бұдан кейін Златко Далич шәкірттері Канада қақпасына өршелене ұмтылды. 36-минутта сол қанаттан Иван Перишичтен пас алған Андрей Крамарич таразы басын теңестірді – 1:1. 44-минутта Йосип Юрановичтен доп алған Марко Ливая Хорватияны алға шығарды – 2:1.

Андрей Крамарич 70-минутта И.Перишичтің пасын мүлтіксіз пайдаланып, есепті 3:1-ге жеткізді.

Матч барысында канадалық Милан Борян бірнеше рет қақпасын голдан аман алып қалды. Хорватиялық Доминик Ливакович те бар шеберлігін көрсетті.

Екінші таймда тыңнан қосылған Ловро Майер Канада қорғанысындағы өрескел қателіктен кейін 94-минутта ойын нүктесін қойды – 4:1.

Осылайша, F тобында Хорватия 4 ұпай жинап, Марокконы қуып жетіп, доп айырмасымен көш бастады. Бельгияда үш ұпай бар. Ал екі рет ұтылған канадалықтар плей-офф кезеңіне шығудан үмітін біржола үзді. 1 желтоқсан күні өтетін Хорватия – Бельгия, Канада – Марокко кездесулерінде екі жолдама иесі анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Килиан Мбаппенің Францияны плей-офф кезеңіне шығарғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Марокко құрамасы Бельгиядан басым түсті.

Канада құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты.


Фото: ALEX GRIMM/GETTY IMAGES

Соңғы жаңалықтар