Қатар-2022: Бельгиямен тең түскен Хорватия жарысты жалғастырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында F тобында Хорватия мен Бельгия құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта екі турдан кейін Хорватия мен Мароккода 4, Бельгияда 3 ұпай бар еді. Ал екі ойында жеңілген Канада плей-офтан үмітін үзген-ді.

Осыдан төрт жыл бұрын әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған хорватиялықтарға Бельгиямен матчта тең түссе де, жеткілікті еді. Ал бельгиялықтарға жеңіс ауадай қажет болатын.

Бірінші таймда 15-минутта ағылшын төрешісі Энтони Тейлор әуелі Бельгия қақпасына 11 метрлік айып добын белгілегенімен, бейнеқайталауды қарағаннан соң ол ойынан айнып, хорватиялық футболшы ойыннан тыс қалды деп тапты.

Екінші кезеңде алаңға шыққан Бельгия сұрмергені Ромелу Лукаку 60-минутта соққан доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Ойын соңына таман Р.Лукаку ұрымтал сәтте тағы да мүлт кетті.

Осылайша, Бельгиямен 0:0 есебімен тең ойнаған Хорватия екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл топта Марокко жеңімпаз атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тунистен ұтылған Францияның өз тобында бірінші орынға ие болғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ әлем чемпионаттарында матч өткізу жөнінен Месси Марадонаның рекордын жаңартты.

Аргентина өз тобынан бірінші орынмен плей-офқа өтті.

Мексика құрамасының бас бапкері қызметінен кетті.


Соңғы жаңалықтар