Қатар-2022: Бельгия жарысты жалғастыра ала ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін F тобында үшінші тур ойындары өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топтағы екі ойын да елорда уақытымен 21:00-де басталады.

Бұл топта үш құраманың жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар. Екі ойыннан кейін Хорватия мен Марокконың - 4, Бельгияның - 3 ұпайы бар. Бірде-бір ұпайға қол жеткізбеген канадалықтар жолдамаға таласа алмайды.

Хорватия мен Бельгия кездесуі «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Кездесу Аль-Райан қаласындағы 45032 жанкүйерге арналған «Ахмед бин Али» стадионында өткізіледі.

Бас төреші - англиялық Энтони Тейлор. Оған отандастары - Гари Бесвик пен Адам Нанн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - румыниялық Иштван Ковач.

FIFA рейтингінде Хорватия - 12, Бельгия 22-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін 8 мәрте кездесті. Олар үш-үштен жеңіске жетсе, екі кездесу тең аяқталды.

Канада мен Марокко кездесуі «Qazsport» теларнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын ел астанасы - Доха қаласындағы 44400 жанкүйерге арналған «Эль-Тумама» стадионында өткізіледі.

Бас төреші - бразилиялық Рафаэл Клаус. Оған отандастары - Родриго Энрике Коррея мен Данило Симон Манис көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - жапониялық Ёсими Ямасита.

FIFA рейтингінде Канада - 41, Марокко 22-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездесті. Оның біреуінде тең нәтиже тіркелсе, екеуінде марокколықтар жеңіске жетті.

Айта кетсек, бұған дейін жарыстың 1/8 финалына Франция, Австралия, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ, Аргентина, Польша құрамалары жолдама алды.


Фото: Getty Images
Соңғы жаңалықтар