Қатар-2022: Англия 1/8 финалда Сенегалмен кездеседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионаты топтық кезеңінде В тобында Англия бірінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топта барлық құраманың да жарысты жалғастыру мүмкіндігі болды. Сондықтан плей-офф сатысына берілетін екі жолдама тағдыры үшінші турда шешілетін еді.

Әрине, алғашқы екі турда небәрі бір ұпай жинаған Уэльс футболшылары үшін Англиядан ұпай олжалау қиын екені белгілі. Екі құрама бұған дейін 103 мәрте кездесті. Оның 14-де Уэльс, 68-де Англия жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Ағылшын футболшылары ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Десе де Гарет Бейл бастаған уэльстік құрама олардың ыңғайына жығыла қойған жоқ. Нәтижесінде бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде ағылшындық футболшылар қарқынды ойынымен көзге түсті. Олардың қатарынан Маркус Рашфорд 50, 68, Фил Фоден 52-минуттарда мергендік танытты.

Осылайша Англия қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, жарыстың плей-офф сатысына шықты.

Енді олар А тобында екінші орын алған Сенегал құрамасымен 4 желтоқсанда 1/8 финалда шеберлік байқасады.

Ағылшын футболшылары дүбірлі додада биыл 11 мәрте бақ сынауда. 1966 жылы чемпион атанса, одан кейін 1990, 2018 жылдарда төртінші орынға тұрақтады.

Айта кетсек, бұған дейін жарыстың 1/8 финалына Франция, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал құрамалары жолдама алды.

Енді 30 қарашада С және D тобындағы құрамалар үшінші тур ойындарын өткізеді.


Соңғы жаңалықтар