Қасымов полицейлер ескі статистиканың «тұтқынынан» қалай босағанын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстан полициясы ескі статистикалардың «тұтқынынан» қалай босағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да, Қазақстан полициясы бұрын ескі статистикалардың «тұтқынында» жүр еді. Біз бұрын тіркелген қылмыстардыің ашылу үлесі тұрғысынан бағаланған болатынбыз. Осының салдарынан кейбір қызметкерлеріміз оқиға орнында қылмысты жауып, тек статистикаға сүйене жұмыс істеп кеткен кездер болды. Әлбетте, 2011 жылдан бастап Мемлекет басшысының саяси жігерінің арқасында Бас прокуратурамен бірлесіп, электрондық тіркеуді енгізіп, халықпен бірлесе жұмыс істеу бағытына басымдық берілді», - деді министр.

ҚР Ішкі істер министрінің айтуынша, мәселенің өзекті болғаны соншалық, қылмыстың қолдан жабылғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі жазаларды енгізуге тура келген.

«Әлбетте, халықтың наразылығы тұрғысынан әлі сұрақтар жоқ емес. Шынында да, қылмыстардың 70 пайызы ұрлыққа қатысты болып отыр. Сол себепті, аталмыш қылмыстың түрін азайтуды қолға алу керек. Ол үшін ұрлыққа қарсы күрестің толыққанды бағдарламасы әзірленді. Менің ойымша, жергілікті атқарушы органдармен бірге біз бұл мәселені ретке келтіреміз», - дейді ол.

Қалмұханбет Қасымов білікті сарапшылардың арқасында ІІМ-нің өзіндік жобалық кеңсесі құрылғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бұл жобалық кеңсеге ІІМ-нің ең үздік жұмыс істейтін қызметкерлері кірген.

«Жобалық кеңсені аяғынан қаз тұрғызуға біздің еуропалық елдердің полицейлері де атсалысқанын айта кеткім келеді. Ұлыбританияның пробация қызметі бізге зор қолдау көрсетті. Жобалық кеңсе ІІМ-нің желісі бойынша 24 жоба әзірлеген. Оның үшеуі пилоттық режімнен өтіп, қазіргі уақытта ІІМ-нің жұмысына енгізілуде. Тағы үш жоба пилоттық жоба сыналып жатыр. Айта кеткіміз келгені - пробация қызметінің құрылып, осыған заңның қабылдануы, пробацияның төрт сатысының да елімізде енгізілуі үлкен жұмыс деп айтуға болады», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Еске сала кетсек, аталмыш халықаралық конференция Еуропалық одақтың үшжылдық «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қорытындысына арналып отыр (EUCJ). Атамыш конференцияда Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов түрмедегілердің санын 100 мыңнан 32 мыңға дейін қалай азайтқанын айтып берген еді.

Соңғы жаңалықтар