Қасымов Қазақстанда травматикалық қаруға неліктен тыйым салынғанын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстанда травматикалық қаруларға неліктен тыйым салынғаны туралы тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, травматикалық қару өзінің сипаты тұрғысында отты иір ойықты мылтыққа ұқсайды. Оны жақын арада қолданған жағдайда нағыз иір ойықты мылтықтан көп айырмашылығы жоқ. Қиын жағдайға, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін. Екіншіден, жастар травматикалық қаруды кикілжің кезінде жиі қолдана бастады. Үшіншіден, оны жасырып алып жүру өте оңай. Кез келген адам оны кез келген жерде қолдана алады. Сондықтан, осы мәселенің барлығын зерттей отырып, біз оған шектеу қою жөн деп таптық. Нәтиже бірден көрінді. Біздің тыйымнан кейін травматикалық қарудың қатысы бар қылмыстар саны 87 пайызға азайды», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ТМД елдері ішінде тек Ресей мен Қырғыз Республикасында ғана азаматтарға травматикалық қару алып жүруге рұқсат берілген.

«Оның үстіне, Ресейде тыйым салу туралы әңгіме қозғалғанымен, кейін ол жақта тек отандық травматикалық қаруларды алып жүруге рұқсат берді. Оны қолдануға Жапония, Малайзия, Австрия, Қытай елдерінде де тыйым салынған. Екіншіден, Грузия, Литва, Эстония, Финляндия секілді елдерде травматикалық қаруды ұстап жүрмей-ақ (яғни, үйінде ұстап), өзін-өзі қорғау мақсатында қолдануға рұқсат берілген», - деді министрлік басшысы.

Қалмұханбет Қасымов сонымен бірге, Жаңа Зеландия, Израиль, АҚШ, Аргентина секілді елдерде заңды түрде қысқа оқпанды, иір ойықты, травматикалық қаруды ұстауға рұқсат берілгенін айтты.

«Біздің ойымызша, травматикалық қаруға тыйым салу туралы шешім дұрыс. Оны ұстап жүрудің еш қажеті жоқ», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар