Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды әлеуметтік бастамалары: Ауқымы мен тиімділігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы 2021 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес бастаманы жариялады. Олардың кейбірін Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында ұсынған болатын. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау бағытында олардың қайсылары іске асырылғанын «ҚазАқпарат» ХАА материалынан оқи аласыздар.

Зейнетақы жинақтарын пайдалану

Мемлекет басшысы бастамасы бойынша биыл зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу тетігі енгізілді.

Президент Әкімшілігі мәліметінше, 2021 жылы баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалану бойынша жасалған шарттардың саны 2,3 трлн теңге сомасымен 627 мыңға жетті. Яғни, 600 мыңнан астам отбасы немесе 2 млн-ға жуық адам өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсарта алды.

16 075 қарыз алушы осыған дейін банктерден алған ағымдағы ипотекалық тұрғын үй займдарын толықтай жапты. Бұл бағытта 62 млрд 41 млн теңге қамтылды.

Президент аталған қадамдардың тиімділігін айта келе, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беруді тапсырды. Мемлекет басшысының пайымынша, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді.

Сапалы білім

Бұл бағытта азаматтар үшін сапалы білім беру қолжетімдігін арттыруға негізделген бірқатар бастама жүзеге асырылды.

Алғаш рет мемлекеттік білім беру гранттары қабылдау квота аясында әлеуметтік аз қамтылған үш жаңа санат бойынша тағайындалды. Нәтижесінде, көпбалалы, толық емес отбасылардан, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқан отбасылардан 5 мыңнан астам талапкер грант алды.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытуға арналған қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі арттырылды.

Оқушылар жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттік тапсырыстың енгізілуінің арқасында шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына тегін бару мүмкіндігін алды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық балалар спортын дамытуды тапсырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау

Еліміздің 6 өңірінде мүгедектікті белгілеу бойынша проактивті сырттай қызмет көрсету ілкі жобасы жүзеге асырылды. 2021 жылдың желтоқсанында бұл тәжірибе бүкіл елімізге таратылды.

12 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат аясында мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді.

Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ заңда мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделген.

Мұнымен қоса, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

«Табалдырықтан табалдырыққа дейін принципімен» мүгедектігі бар тұлғалар және өзге де қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қабылданды. Сұранысы жоғары нысандардың картасы әзірленді. Карта қозғалысы шектеулі азаматтарға олардың қолжетімділігін тұрақты мониторингілеуге және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жалақыны арттыру қадамдары

2021 жылдың қаңтарынан педагогикалық қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға ұлғайтылды.

Сарапшылардың деректеріне қарағанда, биылдың екінші тоқсанында білім беру саласы қызметкерлерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артып, 520 мың адамнан асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында 2022 жылан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге арттыру бойынша бастаманы көтерді. Бұл іс-шара тікелей 1 млн-нан астам адамға, ал жанама түрде жұмыс істейтін барлық қазақстандыққа қатысты болады. Осы арқылы, ең төменгі жалақы мөлшері 40 пайыздан астам деңгейде өседі.

Сонымен қатар, Президент мәдениет, мұрағат, кітапхана саласы қызметкерлерінің, техникалық жұмысшылардың, қорықшылардың, жүргізушілердің және басқа қызметкерлердің жалақысын көтеруді тапсырды. Бұл санатқа кіретін жұмысшылардың жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орташа есеппен 20 пайызға артып отырады. Бұл тұрғыда аталған бастаманы іске асыру нәтижесін 600 мыңға жуық адам сезінетін болады.

Демографияны жақсарту

«Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында жыл сайын жасанды жолмен ұрықтандыруға 7 мың квтота бөлінеді. Айта кетейік, 2021 жылдан бастап бағдарлама бойынша квота саны 7 есе артты.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», - деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Айта кетейік, жыл басында Қазақстанда Экстракорпоральды ұрықтандыру кезегінде 10 мың жұп тұрған. Осы арқылы 7 мың жұп биыл аталған бағдарламамен қамтылу мүмкіндігіне ие болды.

Азаматтар қауіпсіздігін арттыру

Биыл полицияның және құқық қорғау органдарының жедел тергеу бөлімшелерінің халықпен жұмыс істеуге арналған барлық қызметтік орын-жайларында толықтай бейнебақылау енгізілді. Бұл олардың қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Ішкі істер министрігінің құрылымында әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау арнаулы бөлімшесі қайта ашылып, штаты кеңейтілді.

Мұнымен қоса, учаскелік полицейдің мәртебесі көтерілді. Себебі құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз етуде учаскелік инспекторға маңызды рөл белгіленіп отыр.

Ұлттық жобалар

Мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобалар болып түрленді. Ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламалардан концептуалды айырмашылығына тоқталсақ, ұлттық жобалар басымдықты бюджеттік қаржыландыруға ие. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламаларда қаржыландыру көлемі индикативті көрсетіліп, кейде мемлекеттік бюджетте нақты белгіленбейтін.

Осы арқылы, 10 ұлттық жоба бекітіліп, олар тікелей немесе жанама түрде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы.

2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы.

3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы.

4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.

5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы.

7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы.

8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.

9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.

«Президент әлеуметтік маңызы бар мәселелерге баса назар аударып, оларды шешу үшін нақты іс-шаралар мен қадамдарға бастамашылық жасайды. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» принципі елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік саясаттың аясында сақталады», - деп жазды ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында.

Атап айтқанда, Президенттің Жолдауда жарияланған бес әлеуметтік бастамасы 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, өз жұмысшыларының жалақысын көтеруге бизнесті ынталандыру, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, сондай-ақ зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қадамдарын қамтып отыр.



Соңғы жаңалықтар