+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

Қасым-Жомарт Тоқаевтың COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөйлеген сөзі

2021 жылғы 22 қыркүйек 22:23
Бөлісіңіз:
Қасым-Жомарт Тоқаевтың COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөйлеген сөзі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөйлеген сөзін жариялайды.

Ұқсас жаңалықтар
Эпидахуалды бағалау матрицасы: Атырау облысы «жасыл» аймаққа өтті Қазақстанда коронавирустан емделіп жатқан 162 науқастың жағдайы өте ауыр Өткен тәулікте коронавирус пневмониясынан 6 адам қайтыс болды

«ПАНДЕМИЯНЫ ТОҚТАТЫП, ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДЫ ЖАҚСАРТУ»

БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі 76-шы сессиясы

Президент мырза!

Бас хатшы мырза!

Құрметті Саммитке қатысушылар!

Ханымдар мен мырзалар!
Осы саммитті дер кезінде ұйымдастырғандарыңызға ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Әлем соңғы онжылдықтарда денсаулық сақтау саласының бұрын-соңды болмаған ғаламдық дағдарысына ұшырап отыр. Соның салдарынан туындаған экономикалық қиындықтар теңсіздіктерді арттырды және ғаламдық қоғамдастықтың шарасыздығын көрсетті.

Қалыптасқан жағдай жан-жақты әрі нақты шаралар қабылдауды талап етеді.

Біздің басты міндетіміз – шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру болуы керек деп ойлаймын.

Бұл ғаламдық этика мен бірліктің мәселесі. Өйткені вакциналарға қол жеткізудегі әділетсіздік халықтың денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдағы алшақтықты одан әрі ұлғайта бермек. Біз вакциналардың екі миллиардтан астам дозасымен қамтамасыз етуге және денсаулыққа төнген жаһандық қатерлерден ұжымдық қорғанысты жақсартуға бағытталған жан-жақты күш жұмылдыруды құптаймыз.

Дүниежүзілік «ұжымдық иммунитетке» үлес қоса отырып, Қазақстан QazVac вакцинасын жасау арқылы екпе ойлап тапқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді.

Жуырда QazVac коронавирустың дельта штаммына төтеп бере алатындай күшейтілді.

Бүгінде Қазақстан халқының 31 пайызы екпені толық алды. Азаматтарымыз еркін таңдау жасауы үшін вакцинаның бірнеше түрін жеткілікті деңгейде ұсынып отырмыз.

Осы саммиттің пайдалы идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыру үшін біз нақты ішкі жоспарларымыз бен міндеттемелерімізді әзірледік.

Қазақстанда ұлттық биологиялық қауіпсіздік жүйесін құрудың заңнамалық негізі әзірленген. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес келетін биологиялық қатерлерді болжауға арналған кешенді әрі жоғары технологиялық құрылым жасақтауға ұмтыламыз.

АҚШ басшылығының күш-жігері мен Президент Байденнің «Әлемді жақсарту» жаһандық бастамасы аясында серіктестікті дамыту арқылы ұжымдық іс-қимылдарды қамтамасыз етуге ұмтылысын жоғары бағалаймыз.
Сондықтан Қазақстан Сіздің ұсынып отырған міндеттерді бекіту туралы көзқарасыңызбен келісе отырып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін өз үлесін қосуға дайын.

Біздің тәжірибемізге және ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, кешенді шараларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар бастамаларды атап өткім келеді.

Біріншіден, ғаламдық деңгейдегі әлеуетті арттыруға назар аударуымыз керек.

Бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы Алматы декларациясының негізгі қағидаттарын насихаттау қажет.

Біз болашақта биологиялық апаттар мен дағдарыстардың алдын алу үшін күш біріктіруіміз керек. Осыны ескере отырып, былтыр мен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтердім. Барлық мүдделі тараптармен тәжірибелік консультациялар жүріп жатыр. Біз серіктестерді осы бастаманы қолдауға шақырамыз.

Екіншіден, жаһандық туризм мен бизнеске COVID-19 пандемиясымен күресте көмектесу үшін вакцина сертификаттарын өзара мойындау бағытында жұмыс істеу маңызды.

Медициналық сертификаттар пандемиядан кейінгі кезеңде жұмысты қауіпсіз қайта қалпына келтіруге, экономиканың тез оңалуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Үшіншіден, біз COVID-19 вакциналарына деген сенімді арттыру үшін әлеуметтік желілердің құралдарын қолдануымыз керек.

Масс-медиадағы ғылыми негізделген ақпараттардың тапшылығынан қоғамда күмән немесе сенімсіздік бар. Біз халықтың вакцинаға деген сенімін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарында нақты деректерге сүйенуіміз керек.

Біз шынымен де жақсы әлем құруымыз керек, сонымен қатар әділ, орнықты, экологиялық таза және ізгілікке негізделген «жаңа әлем» қалыптастырған абзал.

Рақмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT