Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-дағы мол тәжірибесі салмақты ұсыныстар жасауға көмектеседі - сарапшылар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясына Мемлекет басшысы ретінде қатысуы аталған халықаралық ұйым мен еліміздің өзара іс-қимылының маңызды кезеңі болмақ.

Белгілі болғандай, Бас Ассамблеяның жұмысына 196 делегация, 100-ге жуық мемлекет басшылары, БҰҰ-ға мүше елдердің 80-нен аса Үкімет және сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері қатысады. Осы маңызды шараның аясында 630 түрлі кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Осы орайда Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның Жалпы пікірсайысында баяндама жасайды. Негізі, Қазақстан Президентінің БҰҰ БА-ның жоғары деңгейдегі жиынына қатысуынан не күтеміз? Осы жайында сарапшылардың пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенованың атап өтуінше, 2011-2013 жылдары Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында болғандықтан, оған аталған беделді ұйымның қызметі өте жақсы таныс.

«Қазақстанның егемен ел ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған сәтінен бастап біздің еліміздің осы ірі халықаралық ұйыммен ынтымақтастығы сәтті әрі дәйекті түрде дамып келеді. Бұл тұрғыда БҰҰ алаңында Қазақстан бірқатар маңызды бастамаларды көтергені кездейсоқ емес. Бұл қадамдар елімізге бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге елеулі үлес қосуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру идеясын 1992 жылдың қазанында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынғанын атап өткен жөн. Бүгінде АӨСШК Азия өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша алдыңғы қатарлы диалог алаңына айналды, оған 27 мемлекет қатысуда. БҰҰ қызметінде Қазақстан қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау режімін күшейту саласында ерекше үлесін қосты. Еліміз халықарылық антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Қазақстан өзінің үлгісінде ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға болатынын көрсетті. Осы ретте 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялау туралы қарарды бірауыздан қабылдауы БҰҰ-ның тарихи шешімі. Атаулы датаға 29 тамыздың таңдап алынуы да бекер емес. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылуына орай бұл қарарды Қазақстан бастама етіп көтерген еді», - деді З. Шаукенова.

Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы аталған халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болды.

З. Шаукенова 2018 жылдың қаңтарында Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысының төрағасы ретінде «Қазақстанның ұйымдағы Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүше болуы және онда төрағалық етуі әлемдік қоғамдастықтың сенімін білдіретінін» атап өткенін еске салды.

Шынымен де 2 жыл мерзімде Қазақстан БҰҰ аясында өз миссиясын абыроймен орындай алды. Еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Сарапшының айтуынша, 2019 жылы Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының қорытындысын талқылау барысында Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан Қазақстанның өңірлік көшбасшылығын мойындап, әлемдік саяси картадағы беделіне ерекше тоқталды.

Зарема Шаукенованың ойынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының осы жолғы сессиясында Қ. Тоқаев орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған орта мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарасын ұсынады.

Ал сарапшы Әнуар Шотбай Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ жұмысымен тыңғылықты таныс екенін тілге тиек етті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет БҰҰ мінберінен сөз сөйлейді. Бірақ та ол Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін өте жақсы білетін адам, яғни БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында болғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан ұйымның барлық құрылымы мен жұмысын егжей-тегжейлі біледі. Мемлекет басшысының БҰҰ-дағы беделі мен жеке байланыстары алға қойылған мақсаттарды орындауға ықпал етеді. Осы саладағы мол тәжірибесі мен білімі Президентке Қазақстан Республикасының мүддесін барынша жоғары деңгейде қорғауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Осы орайда Ә. Шотбай ҚР Президенті БҰҰ-дағы қызметінде басқарушылық құрылымдарды оңтайландыру, бюрократиялық аппаратты қысқарту бағытында тәжірибе жинақтап, әлеуметтік желілерде белсенді болғанын еске салды.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) халықаралық зерттеу бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс барысында Қазақстан әлемдік қоғамдастық назарын Орталық Азия өңірі проблемаларына, Ауғанстандағы ахуалға аударғанын, сондай-ақ әлем елдерімен ынтымақтастық географиясын кеңейтуге қауқарлы болғанын атап өтті.

Сарапшының пайымынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының 74 сессиясына Мемлекет басшысының қатысуынан елеулі нәтижелерді күтуге болады.

«Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мол тәжірибесі, оның ішінде халықаралық қатынастар саласында атқарған қызметі мен жоғары біліктілігі күн тәртібінде тұрған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылауға, Қазақстан атынан салмақты ұсыныстар жасауға көмектеседі», - деді Ә. Назарбетова.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама штаттарына жұмыс сапарымен барды.

ҚР Президенті Нью-Йоркте өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысады. Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр. Оның аясында көптеген шет мемлекеттердің басшыларымен екіжақты кездесулер өтеді.

Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес, трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси әрі сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған.

Айта кетейік, Президенттің АҚШ-қа келуі қарсаңында америкалық беделді басылым «The Hill» газетінде оның мақаласы жарық көрді.



Соңғы жаңалықтар