АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ел Үкіметі мен халқының, сондай-ақ өзінің атынан жолдаған құттықтау жеделхатында достас Қазақстан халқына бақ-береке, ал Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық және оның жауапты жұмысына табыс тіледі.
«Мен Қытай және Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың дамуына айрықша мән беремін. Сіздің Қытайға мемлекеттік сапармен келетініңізге және биыл мамыр айында өтетін алғашқы «Қытай – Орталық Азия» саммитіне қатысатыныңызға қуаныштымын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайту мәселелері жөнінде өзіңізбен пікір алмасамыз деп сенемін», – деп жазылған Си Цзиньпиннің жеделхатында.