Қасым-Жомарт Тоқаевты Франция, Жапония елдерінің президенттері құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына келген құттықтаулар легі келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Президенті болып сайлануына орай құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп жатыр.

Франция Президенті Эммануэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта кездесуге, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың перспективалары мен одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға әзір екенін жеткізді.

«Франция арадағы қарым-қатынастардың ілгері дамуына ерекше мүдделі. Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен Брюссельдегі кездесуімізде ынтымақтастықтың экономикалық саладағы үш басым бағытына тоқталдық. Олар: ауылшаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергия көздері және цифрлық сала. Мәдениет, білім, лингвистикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Осы бірлескен жұмысымыз Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосады», - делінген жеделхатта.

Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэ құттықтау жеделхатында екі ел арасындағы жоғары байланыстарды атап өткен.

«Алдағы уақытта Сізбен саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастығымыз бен өзара достық қатынасымызды жалғастыра беруді қалаймын», - деп жазды Синдзо Абэ.

Испанияның Королі Фелипе өзінің құттықтауында Қазақстан Президентімен жақын арада кездесетініне сенім білдірді.

«Біздің мемлекеттерімізді біріктіретін барлық сала бойынша ынтымақтастығымыздың алдағы уақытта да нығая беретініне сенімді болыңыз. Бұл терең байланыстарымыз халықтарымыздың бейбітшілік пен тұрақтылық қағидаттарына деген адалдығына негізделген», - делінген жеделхатта.

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда өзінің құттықтауында Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес ретінде атап өтті.

«Польша-Қазақстан арасындағы байланыстар алдағы жылдары да саяси әрі экономикалық салаларда қарқынды дамуын жалғастыра беретініне үміт артамын. Біздің қарым-қатынастарымыздың әлеуеті жоғары екеніне сенімдімін», - деп атап өтті Анджей Дуда.

Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё да Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген.

«Қазақстан мен Финляндияның қарым-қатынасы өте жақсы, әсіресе, сауда саласындағы байланыстарға ерекше мән берілген. Біз бұдан әрі қарай да екіжақты және халықаралық күн тәртібінде өзара іс-қимылдарымызды арттыра беруге дайынбыз», - делінген жеделхатта.

Еуропалық комиссия Президенті Жан-Клод Юнкер құттықтау жеделхатында Еурокомиссияның Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге бейілді екенін атап өткен.

«Ауқымды әріптестік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету біздің көпқырлы қарым-қатынастарымызды, соның ішінде экономикалық байланыстарымызды одан әрі дамыту үшін платформа болады», - делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, құттықтау хаттарын ЕҚЫҰ аз ұлттар ісі бойынша Жоғары комиссары Ламберто Заньер, Малайзия Королі Сұлтан Абдулла Риятуддин Әл-Мұстафа Биллах, Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Нгуен Фу Чонг, Тайланд Премьер-Министрі, генерал Прают Чан-Оча, Кипр Президенті Никос Анастасиадис, Түрік Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің теңтөрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-заде, Армения Жоғары патриархы және барша армындардың Каталикосы Гарегин ІІ жолдады.

Соңғы жаңалықтар