Қасым-Жомарт Тоқаев: Жекешелендіру ісі жекелеген монополияларды тудырмауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы таныстырылды,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президентінің бұған дейінгі тапсырмасына сәйкес, толығымен және ішінара жеке бәсекелі секторға берілетін үйымдардың тізімі 176-дан 736-ға дейін ұзартылды.

Бәсекелі ортаға 5 трлн теңгелік активтерді беру арқылы мемлекеттің экономикаға араласу көрсеткішін 14 пайызға азайтуға болады. Онымен қоса, стратегиялық инвесторларды тарта отырып, жекешелендірілетін компаниялардың қызметіне ШОБ-тың қолжетімділігі арта түседі.

Мемлекет басшысы экономикаға мемлекеттің араласу үлесін азайту жоспары туралы айта келе, бұдан бұрын өткізілген кампаниялардан алынған тәжірибені еске салды. Ол кампаниялар барысында нысандардың басым бөлігін жекешелендіру мәселесі кейінге ауыстырылып, кейбірі тіпті тоқтап қалған еді.

«Жұмыстың жоспар бойынша жүруі аса маңызды. Бұл тұрғыда Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы қажет. Жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда болуына әкеп соқтырмауы керек. Ондай жағдай қоғамның наразылығын тудырады. Жекешелендіру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету қажет», – деді Қ.Тоқаев.

Осы ретте Президент Үкіметке нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Айта кетсек бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті. Іс-шараның күнтәртібіне Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамытудың ұлттық жоспарын, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін, 2030 жылға дейін мемлекеттік бсқаруды дамыту тұжырымдамасын, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарын әзірлеу, сонымен қатар шұғыл реформалар топтамасы мен халықтың ұлттық санағын өткізу мәселелері кірді.


Соңғы жаңалықтар