Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан қосылатын сенаторларды не күтіп тұрғанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жалпы отырысқа қатысып отырған әріптестеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше елімізде Конституция талаптарына сәйкес Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Сайлаушылардың сеніміне ие болып, қатарымызға жаңадан қосылатын әріптестеріміз палатаның заң шығару жұмысының пәрменділігін арттыруға тың серпін беретініне кәміл сенемін. Ал бүгін соңғы жалпы отырысқа қатысып отырған әріптестерге шын жүректен алығысымызды айтамыз және сіздерге арналған ертеңгі салтанатты жиынға шақырамыз»,-деп тоқталды ол палатаның жалпы отырысында.

Осы орайда Қ. Тоқаев әріптестеріне палатаның конституциялық өкілеттігін іске асыру бойынша бірлесіп атқарған нәтижелі қызметтері үшін ризашылығын білдірді.

«Тұтастай алғанда, еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа кезеңіне бейімделген заңнамалық базаны жетілдіру бойынша тыңғылықты жұмыс жасалды. Алдымызда Елбасының экономикалық, технологиялық және рухани сананы түбегейлі жаңғырту жөніндегі стратегиялық міндетін орындаумен байланысты қауырт жұмыстар күтіп тұр. Парламент қоржынында күзгі сессияда қаралатын 30-ға жуық заң жобасы бар. Осы ретте Президенттің әрқайсымызға жүктеген жауакершілік салмағын терең сезіне отырып, халқымыздың игілігі жолында белсене жұмыс жасайтымызға кәміл сенемін»,-деп түйіндеді сөзін Сенатының төрағасы.

Айта кетейік , ҚР ОСК Сенат депутаттары сайлауының қорытындысын шығарды.  Сайланған депутаттардың 7-еуін  мәслихаттар ұсынса, 9-ы өзін-өзі ұсынғандар. ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың орташа жасы - 56,7. ҚР  Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша сайланғандардың тізімі анықталды.

Соңғы жаңалықтар