Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында құс фабрикасының жұмысымен танысты

None
БАЙЗАҚ. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы өндіріс орнындағы цехтарды аралап көрді. Президентке құс фабрикасының жетекшісі Фарида Жүнісова кәсіпорынның жұмысы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғызстанға экспортталады.

Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 6 нысан салу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашылығының дамуы жөнінде мәлімет берілді.

Еске салайық, Президент Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүр.

Қ.Тоқаев жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойғаннан кейін зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.

Кейін Мемлекет басшысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушылармен және студенттермен кездесті.

Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі.



Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар