Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық 4 үрдіске алаңдайтынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында алаңдаушылық туғызатын жаһандық 4 үрдіс туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге байланысты алаңдауға барлық негіз бар. Оның ойынша, мына ауқымды үрдістер үрей туғызатын жаһандық ахуалға әсер етеді: біріншісі - әлемнің әртүрлі аймақтарында шешілмеген қақтығыстар мен шиеленістердің көбеюі.

«Бұл жікке бөлінудің ескі бағыттарын жандандырып, жаңа бағыттарын шығарды. Соның салдарынан әлемдік державалар толық ауқымды әскери қақтығыс алдында тұрды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алаңдауға тұрарлық екінші үрдіс ретінде ол жаһандық және аймақтық субъектілер арасында сенім жоқтығын атады.

«Бұл қазіргі уақыттағы қауіпсіздік пен қаруды басқару архитектурасының бұзылуына әкеліп, қайтадан қарулану жарысының басталуына себеп болады. Аталған жағдай шектеулі санкциялар, сауда соғыстары, ғарыш, кибер технологиялар және жасанды интеллект саласындағы қарқынды қарама-қайшылықта шиеленісе түсуде. Мұның бәрі - тереңдеп бара жатқан дағдарыстың алаңдаушылық тудыратын шегі», - дейді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, алаңдаушылық тудыратын тағы бір үрдіс – солтүстік пен оңтүстік арасындағы теңсіздіктің күшеюі, әлеуметтік-экономикалық және технологиялық теңсіздік.

«Мұның бәрі жаһандық қарыз дағдарысымен бірге қазіргі әлемдік экономикалық ландшафтты бұрмалайды. Біз халықаралық серіктестік пен ынтымақтастықты бұзатын протекционизм мен ұлтшыл саясаттың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз», - дейді Тоқаев.

«Төртіншіден, қоршаған ортаның құлдырауы – жаһандық деңгейде тұрақсыздандыратын факторлардың бірі. Климаттың, әсіресе Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдары өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл – шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауызсу мен суару көздерінің сарқылуы. Осындай қиын жағдай орын алып тұрған кезде Қазақстан инклюзивті дамуды, жан-жақты диалогты және бейбітшілік үшін күш біріктіруді қолдайды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар