Қасым-Жомарт Тоқаев вице-премьерден нақты істер талап етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзазметовтен нақты істер талап етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат. 

«Әрбір жаңа министрдің қабылдайтын бағдарламалары - игі ниеттің ғана бағдарламасына айналып кетіп жатыр. 2020 жылы тағы бір жаңа бағдаралама туа ма деп қорқамын. Жылына 60 мың тонна еттің экспорты болады деп жоспарланған бағдарлама секілді, оны да қатты насиxаттап кететіні анық. Сенатта айтып едік қой, ол мүмкін емес деп. Сол мақсатты насиxаттап кеткендерің сонша, Мемлекет басшысының аузына салып бердіңіздер. Барлығын жарға жығып барасыздар. Асқар Исабекұлы, Сіз ауыл шаруашылығы маманысыз, Сізге барлығы сенім артып отыр, Сізге Премьер-Министрдің орынбасары етіп, ерекше құзыр берді. Шешім қабылдаңыз, іске көшу керек қой. Бағдарламаны біз де жаза аламыз, қиын болып па!? Нақты іспен айналысу керек», - деді Тоқаев Сенаттың пленарлық отырысында министрге қаратып айтқан сөзінде.

2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті тыңдау барысында сенатор Серік Біләлов ауыл шаруашылығындағы субсидиялау бағдарламасы түпкі нәтижеге бағытталмағандығын атап өтті. Өндірістегі өсім тиімді теxнологиялардың есебінен емес, егістіктік алқаптарды және мал басын көбейтудің арқасында жеткізілуде.

Өз кезегінде, Асқар Мырзахметов Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданғанын атап өтті. Жаңа бағдараламаның негізінде барлық субсидиялар түрі қайта қарастырылды. Субсидияның тиімсіз 11 түрі алынып тасталды. Осының арқасында жылына 25 млрд. теңге үнемделеді.

Соңғы жаңалықтар