Қасым-Жомарт Тоқаев: Украинамен бізді дәстүрлі достық пен ынтымақтастық байланыстырады

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Украинаны дәстүрлі достық және ынтымақтастық байланыстырады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР Канцлері Ангела Меркельмен кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Тұңғыш Президентіміз Украина мәселесін Қазақстан аумағында реттеуге қатысты өзінің ізгі ойын білдірді. Дегенмен біз Украина мәселесі, ең алдымен, Норманд форматында шешілуі тиіс деп ойлаймыз», - деді Мемлекет басшысы ресейлік-украиндық саммитті ұйымдастыруға арағайындық жасау мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып.

Германия, Ресей, Украина, Францияның мемлекет басшыларының Украина шығысындағы жағдайды реттеу жөніндегі кездесуі Парижде 9 желтоқсанда өтеді.

«9 желтоқсан күні Парижде өтетін Норманд форматындағы кездесуге табыс тілейміз. Қазақстан мен Украинаның арасында дәстүрлі достық пен ынтымақтастықтың берік тіні бұрыннан қалыптасқан. Украина халқы бейбіт те берекелі өмір сүруге лайық деп есептейміз», - деді Қазақстан Президенті.

Авторы Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар