Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өкілдерін Еріктілер форумына шақырды

None
Фото: akorda.kz
АНКАРА. ҚазАқпарат – «Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты.

Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген ерікті келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар.

Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын», - деді Президент.

Еске салсақ, кеше түнде Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ның кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен барды.

Бүгін Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.


Соңғы жаңалықтар