Қасым-Жомарт Тоқаев Толеранттық және бейбітшілік кеңесі басшысын қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық Федералдық Мәжілісінің депутаты, Толеранттық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің төрағасы Ахмед бен Мұхаммед әл-Джарванды қабылдады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қ.Тоқаев Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастығының жоғары қарқынына тоқтала келіп, оған мемлекеттер басшыларының арасындағы өзара сенімді қатынастар тікелей ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының іске асуы туралы мейманға әңгімелеп берді. «Діни көшбасшылар, мемлекет басшылары мен ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері, танымал саясаткерлер қатысатын бұл форум жаһандық мәселелерді шешу жолдарын іздестіретін, толеранттық пен өзара түсіністік қағидаларын нығайтатын ерекше алаң болып отыр», - деп атап өтті Қ. Тоқаев.
null

Ахмед бен Мұхаммед әл-Джарван әлемдік діндер өкілдерінің арасындағы өзара түсіністікті нығайтуды, аймақтық және халықаралық тұрақтылыққа жәрдемдесуді мақсат ететін Жаһандық толеранттық және бейбітшілік кеңесінің жұмысы басталғаны туралы хабардар етті. Парламент жоғарғы Палатасының басшысы дінаралық үнқатысу саласындағы Қазақстан бастамасымен үйлесетін Кеңестің құрылуына қолдау білдірді. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Съезд Хатшылығы мен Жаһандық Кеңес дінаралық үнқатысуды, өзара толеранттықты, бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету және нығайту мақсатында әріптестік қатынастарды орнықтыра алады. Әмірлік парламентшісі ұсыныстың келешегі зор екенін айта отырып, келісетінін жеткізді.

Қ. Тоқаев Ахмед бен Мұхаммед әл-Джарванды қазан айында Қазақстан Астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне қатысуға шақырды. 

Соңғы жаңалықтар