Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерін сауда-экономикалық қатынастарын қайта жаңғыртуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерін сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент әріптестерін өздерінің сыртқы саясат ведомство басшыларына БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін, сондай-ақ, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жайындағы Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсынысын қолдау үшін тапсырма беруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық елдерінің арасындағы іскерлік белсенділік пен экономикалық байланыстарды жандандыру жұмысын ТМД-ның басты міндеттерінің бірі ретінде атады.

«Қазіргі жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімді және оның әр мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар жөніндегі негізгі бөлімін келісуді аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономикаға» қатысты шешімдерді енгізу, сондай-ақ, жаңа цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Қазақстан ТМД Мемлекетаралық экологиялық кеңестің 2021 жылғы төрағасы ретінде аталған саладағы ұлттық заңнамалардың тәсілдері мен үйлестірілуін ұштастыру мүмкіндігін зерттеуді, сондай-ақ, Цифрландыру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік , Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Видео конференция режимінде өткен іс-шарада Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері болды.


Соңғы жаңалықтар