Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері Қарағанды халқымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы Қазақстанның барлық өңірін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Соның аясында бүгін штаб өкілдері Қарағанды облысына келді. Жергілікті халықпен кездесулер кезінде металлургтер мен кеншілер «Nur Otan» партиясының кандидатын бірауыздан қолдайтынын білдірді. Сондықтан 9 маусым күні сайлау учаскелеріне тек Тоқаевқа дауыс беру үшін баратынын айтты.

Штаб басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған аталған Республикалық қоғамдық штабтың құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер, мәдениет және спорт жұлдыздары және тағы басқа белсенді азаматтар бар.

РҚШ өкілдері алдымен Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатының алаңында өткен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шараға қатысты. Металлургтер «Nur Otan» партиясының кандидатына қолдау білдіріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын одан әрі жалғастыру Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының кепілі болуы керектігін айтты. Өйткені Елбасы Теміртау қаласы мен ондағы зауытқа қатысты барлық жағдайды үнемі өз бақылауында ұстап, металлургтерге қолдау көрсетіп келді.

Металлургтер алдында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Қарағанды өңірінің ел тарихындағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

- Сапарымызды Қарағанды облысынан, дәл сіздердің зауыттарыңыздан бастауымыз кездейсоқ емес. Себебі бұл зауытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталды. Осы жерде Елбасымыз шыңдалып, тұлға ретінде қалыптасып, қайралып, қайраттанып шықты. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі саясаткер болуының негізі де осы өңірде, осы зауытта қаланды, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайраткерлік тұлғасына назар аударды.

- Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыздың ең сенімді серігі және ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Біздің кандидатымыз Премьер-Министр, Парламент Сенатының Төрағасы, Сыртқы істер министрі ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Біріккен Ұлттар Ұйымында жауапты қызмет атқарып, халықаралық деңгейдегі зор абырой-беделге ие болды. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуын әрі қарай жалғастырып, мемлекет тізгінін ұстауға лайық бірден бір тұлға, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде РҚШ мүшесі, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап еліміздің қалыптасып, дамуы жолында талмай еңбек етіп келе жатқанын айтты.

- Елбасымыздың сара саясатының арқасында Қазақстан бүкіл әлем мойындаған, бейбітшілік пен тұрақтылықтың алтын бесігі болған, дамыған елге айналды. Қазіргі таңда әлем Қазақстанды Назарбаев арқылы, ал Назарбаевты Қазақстан арқылы таниды десек, артық емес. Елбасымыздың осы ерен еңбегінің басы-қасында үнемі Қасым-Жомарт Тоқаев жүрді. Шекарамызды шегендеу, халықаралық келісімдерге қол қою, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету сияқты аса маңызды жұмыстарға біздің кандидат тікелей қатысып, өзінің елеулі үлесін қосты. Ол осы істің бәрін алдағы уақытта да жалғастырып, еліміздің әділ жолмен өсіп, өрлеуін қамтамасыз ететінін өзінің сайлауалды бағдарламасында анық көрсетті. Сондықтан баршаңызды Елбасының шәкірті, әлемдік деңгейдегі саясаткер, тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырамын, - деді Мұхтар Алтынбаев.

«АрселорМиттал Теміртау» комбинатының қызметкерлерімен кездесу Шахтинск қаласында да жалғасты. Атап айтқанда, РҚШ мүшелері «Шахтинская» шахтасының кеншілерімен кездесті. Кездесуде Республикалық штаб басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының маңызы туралы кеңінен айтып берді.

- Кандидатымыздың Сайлауалды бағдарламасы сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатының сабақтастығын жалғастырып, сол арқылы бейбітшілік пен келісімді сақтауды, екіншіден, әділдіктің салтанат құрып, заң үстемдігінің орнауын, әр азаматтың әл-ауқатының артуы үшін бірдей жағдай жасалуын, үшіншіден еліміздің әрі қарай дамып, өрлеуін қамтамасыз етуді көздейді, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол сабақтастық қағидасы еңбек адамдарын қолдауды, қуатты әлеуметтік саясатты, әр қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруды және бейбітсүйгіш сыртқы саясатты әрі қарай жалғастырып, ел дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Ал әділдік қағидасы әр қазақстандықтың заң алдындағы теңдігін қарастырады.

- Әділдік - бұл барша азаматқа ортақ игілік. Еліміздің барлық жетістіктері мен экономикалық өсуін әр қазақстандық сезінуі тиіс. Сол арқылы кандидатымыз әр қазақстандықтың лайықты жұмысы мен соған сай әділ еңбек ақысы болуын, әр азаматқа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетілуін, олар үшін заманауи медицина мен озық білімнң қолжетімді болуын, заңмен толығымен қорғалғанын және өздерін қауіпсіз сезінуін, мұқтаждардың мемлекет тарапынан барлық қажетті көмекті алуын, сонымен бірге масылдыққа жол берілмеуін, жемқорлықтың түп-тамырымен жойылуын көздейді, - деген Мәулен Әшімбаев осы мақсаттардың жүзеге асырылуы үшін «Nur Otan» партиясының барлық шараларды қолға алатынын айтты.

Сонымен бірге ол кеншілердің бұған дейін Елбасын үнемі қолдап келгенін тілге тиек етті.

- Біз Елбасын үнемі қолдап келген кеншілердің Қасым-Жомарт Тоқаевты да қолдайтынына кәміл сенеміз. Қарағанды жұртшылығы өз дауыстарын Елбасы сенім білдірген Тоқаевқа береді деп сенеміз, - деді РҚШ басшысы.

Одан бөлек, РҚШ мүшелері Бақытжан Жұмағұлов, Бекболат Тілеухан, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Әбдіров, Артур Платонов және тағы басқа қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, сайлаушыларды Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.

Өз кезегінде кеншілер Елбасы таңдауын толық қолдайтындарын, «Nur Otan» партиясының кандидатына дауыс беретіндерін жеткізді.

- Біз, кеншілер, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенеміз. Бүгін оның Республикалық қоғамдық штабының мүшелері сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын түсіндіріп берді. Ондағы қағидалардың барлығы қазақстандықтардың көкейінде жүрген ой-пікірлермен ұштасады. Сондықтан біз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс береміз, - дейді «Шахтинская» шахтасының кеншісі Абылай Жұмкин.

Одан бөлек, РҚШ мүшелері Қарағанды қаласының активімен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына ұсыныстар мен тың идеялар жинау үшін қолға алынған «BIRGE» жалпыұлттық акциясының басталуына қатысты.

Сондай-ақ бүгін РҚШ мүшелерінің тағы бір тобы облыстың шалғай өңірлеріне арнайы барып, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауыты мен «Utari KZ» ЖШС қызметкерлерімен, Жезқазған жұртшылығымен және Сәтбаев қаласының активімен кездескенін де айта кеткен жөн.

Соңғы жаңалықтар