Қасым-Жомарт Тоқаев: Шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру созылып кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасының жүзеге асырылуы созбалаңға салынып кетті. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

ҚР Президенті облыстағы өзекті проблемалардың бірі – өңір тұрғындарының сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмеуіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде қыруар қаржының түрлі қымбат ғимараттар салуға және басқа да мақсаттарға жұмсалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл да керек, бірақ, ешқайсысы судан маңызды емес.

«Мен Жолдауымда Кендірлі елді мекенінде су тұшыту зауытын салуды тапсырған болатынмын. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін зауытты іске қосуы керек. Ауылдық жерлер әлі күнге дейін сапалы ауызсуға мұқтаж. Облыстағы 12 елді мекенде, яғни ауылдардың 20 пайызында ауызсу жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстың қарқыны өте баяу. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беруді тапсырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суға деген сұраныс арта түсетініне тоқталды. Ақтау қаласын сумен қамтамасыз етуге қатысты бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Үкімет пен өңір әкімдігіне «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың шұғыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасының жүзеге асырылуы созбалаңға салынып кеткенін және жобаның құны көтерілгенін сынға алды. Президент жыл соңына дейін аталған жобаны аяқтауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар