Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың жаңа сессиядағы жұмыстары туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сессиядағы палатаның атқаратын негізгі жұмыстарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Парламенттің жаңа сессиясын ашып, депутаттық корпустың алдында тұрған негізгі бағыттарды айқындап берді. Біздің алдымызда тұрған айнымас меже айқын, яғни елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолында аянбай еңбек етіп, кешенді шаралардың орындалуын заң тұрғысынан қамтамасыз ету. Президент жариялаған бес әлеуметтік бастаманы сапалы түрде жүзеге асырудың маңызы ерекше. Олардың орындалуы біздің үнемі бақылауымызда болуы тиіс. Елбасы атап өткен түпкі мақсат еліміздің әл-ауқатын одан әрі жақсартып, ел экономикасын дамыта түсуді көздейтін жұмыстарды орындауда депутаттарға зор жауапкершілік жүктейді», - деп тоқталды Қ. Тоқаев Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда, ол сенаторлар өңірлерге барып, халықты толғандырып отырған мәселелерді зерделеп қайтқанын, бұл өз кезегінде алда тұрған ауқымды міндеттерді орындау бағытындағы жұмыстарға аса қажет екенін атап өтті. Сессия барысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартып, тұрғын үй қатынастарын реттеуге, отандық туризмді жақсартуға, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға бағытталған заң жобалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

«Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалауға айрықша көңіл бөліп, бұл салада орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті. Біз осы саланы реттейтін заңдарды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, қылмыстық заңнаманы экономикалық қызмет саласында ары қарай ізгілендіруді көздейтін заңнамалық түзетулердің топтамасын қарастырамыз. Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында тарихи және киелі нысандарды тиімді дамытуға және қорғауға бағытталған заң жобасы да Сенаттың күн тәртібінде болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта Парламент қарауына қайта құрылған әкімшілік аймақтардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізіледі. Депутаттық корпус Елбасы айқындаған маңызды міндеттерді табысты орындау жолында Үкіметпен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс істейді деп сенемін»,  - дп түйді Сенат төрағасы.

Соңғы жаңалықтар