Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына естелікке домбыра сыйлады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискке қонақжай қазақ жерінен естелікке домбыра сыйлады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Біздің мәдениетіміз туралы жылы лебіздеріңіз үшін, әсіресе домбыра туралы пікіріңіз үшін қазақ халқы сізге ризашылығын білдіреді. Қазір бүкіл басылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары сіздің сөзіңізді жазып жатыр. Барлығы Рим Папасы қазақ мәдениетінің, соның ішінде біздің ұлттық аспабымыз - домбыраның ең үздік насихатшысы деп айтып жүр. Қазір бұл жастар мен балалар арасында өте танымал. Сіздің сөздеріңізден кейін домбыраға деген қызығушылық тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де арта түседі деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Понтифик кездесуде айтқан тұщымды ойларын домбыраның сан түрлі қасиетімен сабақтастыра отырып баяндаған еді.

«Осы сапарға дайындалған кезімде бұл жердегілер орта ғасырларда домбыраның бірнеше түрімен дастан айтып, сол арқылы өткен мен бүгінді байланыстырғанын білдім. Алуандық сабақтастығының символы тұтас елдің жадында осылай ырғақ болып сақталған. Домбыра бүгін де экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің жылдам ауысып жатқанына қарамастан алдыңғы лектегі буынның өмірін ұмытттырмай келеді», - деген болатын мәртебелі Франциск.






Фото: t.me/bort_01


Соңғы жаңалықтар