Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің 100 күні: Қандай нақты қадамдар іске асырылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусым айындағы ұлықтау рәсімінен кейін Президент лауазымына кіріскеніне 100 күн толды. Әдетте, мемлекет басшылығына немесе өзге де лауазымға кіріскен адамдардың жүз күндік аралықта атқарған жұмысына қорытынды шығару дәстүрге айналған. Осы орайда «ҚазАқпарат» агенттігі Қасым-Жомарт Кемелұлының үш айдан астам уақытындағы қызметінің кейбір аспектілеріне шолуды ұсынады.

Ұлттық кеңестің міндеті зор

Естеріңізде болса, 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөнінде айтқан болатын. Арада бір ай өткеннен кейін Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды.

6 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптасты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құр ұрандатпай нақты жұмыс жасау қажеттігін қадап айтты.

«Бүгін өте жақсы пікір алмасу, жалпы әңгіме орын алды. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Жалпы, Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Бұл ұсыныстарды жалпы мен қолдаймын. Келешекте, амандық болса, бәріміз бір ұжым болып іске асырамыз деп ойлаймын. Біздің ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ, жай ұрандар тастамай, нақты қадамдарымызды жасауымыз керек», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерінің пікірлерімен көбіне келісуге болатындығын айтты.

«Сондықтан оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Келешекте басқа мүшелер осы залда, амандық болса, пікірлерін айтады деп ойлаймын. Жалпы айтқанда қазір бізге үлкен құжат, жоспар қажет. Әрбір салада жеке жоспар дайындауымыз керек. Алдымызда тұрған мақсаттар өте ауқымды, күрделі деп айтуға болады», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Арыс оқиғасы халықтың бірлігін көрсетті

Биылғы 24 маусым күні Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында орын алған жарылыспен ел есінде қалды. Оқиға орнына шұғыл түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетіп, жарылыс аумағынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесіп, барлық мәселені жеке өз бақылауына алғанын айтты.

Қаланы айналып шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді.

«Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар! Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Арнайы келіп отырмын», - деді Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуі барысында.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев Арыстағы жарылыстардан зардап шеккендер жатқызылған Шымкент қаласындағы ауруханаға барды.

Кейін зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы басталды.

Шынымен де Арыстағы оқиғада ел азаматтары тағы да елдігімізді танытып, осындай тосын оқиғаларда бір жұдырықтай жұмыла білетін бірлігімізді көрсеттік. Арыстан уақытша эвакуацияланған ағайынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек беруге ықылас танытып жатқан азаматтардың да қарасы қалың болды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Арыстағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Президенттік кадрлық резерв

Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резерв құрылатынын мәлімдеді. Ал тамыз айының аяғында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардан өтінімдер қабылдау үшін онлайн-платформаны іске қосатыны жарияланды. Агенттік төрайымы Анар Жайылғанова «Президенттік Жастар кадрлық резервіне»үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар туралы айтып берді.

«Қатысушылар Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматы болуы керек. Білімі мен жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Креативті, талантты жастарымыздың көбі шетелде тұратынын жақсы білеміз. Сондықтан, байқауға шетелдегі Қазақстан Республикасының азаматтары да қатыса алады», - деді агенттік басшысы.

Оның айтуына қарағанда, резервке өткен кандидаттар ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларда саяси және жоғары басқару әкімшілік лауазымдарға, жоғары басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болмақ.

Игі бастама

Биыл маусым айының аяғында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Борыш жүктемесін азайтуға кім құқылы?

Төменде көрсетілген санаттағы борышкер азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесін азайтуға құқығы бар (2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша): көпбалалы отбасылар; асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар; мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Бұл ретте тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Бүгінде Президенттің борыш жүктемесін азайту туралы бастамасының игілігін еліміздегі көптеген отбасылар көріп жатыр. Белгілі болғандай, азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиесін кешіру акциясы уақытпен шектелмеген.

«Бұл бір жолдық акция. Яғни, жалпы берешек сомасы 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс. Маусым айында осы жаңалықты ести салып банктен несие алғандар бұл тізімге кірмейді. Ондай азаматтар болды. Қабылдауға келгендердің арасында да бірен-саран азамат болды. Ал тізімге енбей қалғандар, өзін аталмыш 5 санатқа жатамын деп есептейтін азаматтар бізге құжаттарымен бірге өтінішін өткізуі керек. Яғни, акция қандай да бір уақытпен шектелмеген. Бұл тұрғыда азаматтардың алаңдауына негіз жоқ», - деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Сарапшылар не дейді?

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенованың пайымынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін қалыптастыру азаматтық секторды билікпен сындарлы сұхбатқа тартуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін екі ведомствоға бөлу мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске неғұрлым нәтижелі көңіл бөлуге жол ашады. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық мемлекеттік органдарды «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұртшылықпен байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алады.

Сарапшының атап өтуінше, биылғы 2 қыркүйектегі ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі әлеуметтік-саяси әрі экономикалық реформалардың нақты бағыттарын белгілеуге негізделген.

Атап айтқанда, әлеуметтік салада халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына борыш жүктемесін төмендету, яғни 300 мың теңге сомасына несие берешегін өтеу шарасы халықтың табысын тиісті деңгейде арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялау - азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі.

Мұнымен қоса, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жоспарларға тоқталса, алдағы 4 жылда мұғалімдер жалақысын 2 есе арттыру, 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін кеңейту ескерілген.

З. Шәукенованың ойынша, Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы бастамаларын ерекше атап өткен жөн. Осы орайда Президенттік жастар резервін қалыптастыру жаңа мүмкіндіктер ашады және дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт тетігін қалыптастыруға мүмкіндік. Жастар үшін баспана мәселелері де шешілуде.

Бүгінде Қазақстан Президенті халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілер арқылы елдегі негізгі оқиғалар туралы жедел хабардар етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың шұғыл әрекеті үшін тиісті тапсырмалар береді.

Сарапшының сөзіне қарағанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы шұғыл жағдайларда лайықты шешім жасай алатын әрі алдыңғы шепте бола алатын тиімді дағдарыс-менеджері ретінде танылып отыр. Екіншіден, ҚР Президентінің бастамалары мен тапсырмалары оның мемлекеттік саясатта оң өзгерістерге дайын екендігін көрсетеді. Үшіншіден, Мемлекет басшысы халық үшін ашық және қолжетімді көшбасшы екенін, қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың сұраныстарына жауап беретін, халықпен «байланысқа» шығуға дайындығын байқатты. Төртіншіден, сенімге лайықты тұлға. Бесіншіден, әділеттілік үшін күресуші. Президент азаматтар мүдделерінің тепе-теңдігін сақтайтын және ұлттық игіліктерді әділ бөлуді ұстанатын төреші болып табылады.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Талғат Қалиев Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың алға қойып отырған мақсаттарының көбі ұзақмерзімді екенін жеткізді.

«Егер де халықтың табысын арттыруға тоқталсақ, борыш жүктемесін төмендетуге негізделген маңызды бір бастама бар. Осы орайда бұл шаралар тұрғындардың кірісін арттыруға мүмкіндік береді, себебі адамдардың біразы борыш жүктемесінен босап, өздерінің кірісін оңтайландырды. Сонымен қатар халықтың табысын арттыру үшін экономика өсімі де керек. Мемлекет басшысы осы бағытта негізгі жұмысты айқындап берді. Екіншісі - сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл тұрғыда қызметкерлерінің жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы бастама жария етілді. Атап айтқанда, осы және басқа да бастамаларды жүзеге асыру шаралары жаңа қарқынмен іске асырылатын болады», - деді Т. Қалиев.

Сарапшының пайымынша, халықты жұмыспен қамту мен баспана мәселесін шешу қадамдары тиісті мерзімді талап етеді. Дегенмен де көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бүгінде баспана беріліп жатыр, сондай-ақ осы бағытта жастарға да қолдау жасалуда. Ал әлеуметтік саясатта мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға ерекше екпін қойылған.

Т. Қалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне тоқтала келе, бұл бағдарлама кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Сөз соңында сарапшы Мемлекет басшысының барлық мақсаттары мен міндеттері айқын екенін, олардың барлығын іске асыру үшін қажетті жұмыстар басталғанын атап өтті.

Сарапшылар елеулі оқиға ретінде атап өткен тағы бір жайт - Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмi ашылды. Оның меңгерушісі болып ҚР Президентiнiң көмекшiсi Аида Балаева тағайындалды.

***

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылғы қыркүйек айының орта кезіндегі жағдай бойынша Мемлекет басшысы 5 заңға қол қойып, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларда 40 өкім шығарды. Осы кезге дейін Президент 102 жарлыққа қол қойды Қазақстан Президенті орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, бизнес құрылымдар басшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен және қоғамның басқа да топтарымен 140-тан астам іскерлік кездесулер мен кеңестер өткізді.

Соңғы жаңалықтар