+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымында бір жыл: Қандай жұмыстар атқарылды

2020 жылғы 10 маусым 10:05
Бөлісіңіз:
Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымында бір жыл: Қандай жұмыстар атқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттігінің алғашқы жылы қоғам үшін маңызды өзгерістер белгісімен өтті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова айтты. ҚазАқпарат сарапшының пікірін толық жариялайды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттігінің алғашқы жылы қоғам үшін маңызды өзгерістер белгісімен өтті.

Мемлекет басшысы жүзеге асырып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саясат саласындағы реформалар бағытының негізгі принциптері – сабақтастық, әділеттілік және прогресс болды.

Таңдалған қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында экономиканың негізгі бағыттарын анықтай отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ұсынған Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы мен Ұлт жоспарының аясында бірқатар құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру міндетін алға тартты. Басымдықтардың қатарына экономиканы одан әрі әртараптандыру және еңбек өнімділігін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыру, Ұлттық қордың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әділ салық салу жүйесін енгізу мен орнықты қаржылық реттеу мәселелері кірді.

Біздің еліміздегі маңызды проблемалардың бірі – мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің жоғары болуы. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы мемлекеттік бақылау индексі ЭЫДҰ елдері деңгейінен, оның ішінде Түркия мен Ресейдің деңгейінен де жоғары. Экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесін азайтуға қатысты жасалған алғашқы қадам – ҚР Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың осы жылдың соңына дейін жаңа мемлекеттік компанияларды құруға мораторий жариялауы, ал жұмыс істеп тұрған ұлттық холдингтер мен квазикомпанияларға қатысты олардың қызметінің тиімділігіне талдау жасау қажеттігін жариялауы болды. Жалпы алғанда, экономикадағы мемлекеттің үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу міндеті қойылды, бұл жеке инвестициялар мен ШОБ дамуына серпін береді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтады.

Ел бюджетін басқару – мемлекет пен оның азаматтары арасындағы сенімді қалыптастырудың маңызды аспектісі. Мемлекет басшысы Үкіметке бюджетті басқаруда бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне сүйенуді және Ұлттық қордан трансферттер алуды кезең-кезеңімен қысқарту саясатын жүргізуді тапсырды.

Ұлттық табысты неғұрлым әділетті бөлуге баса назар аудара отырып, салық жүйесін модернизациялау аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан Республикасының Үкіметіне қазіргі кезде әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылатын жеке табыс салығы үшін үдемелі шкаланы енгізудің орындылығын зерделеу міндетін қойып отыр.

Азаматтардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатында белсенді шаралар қабылдануда. Президенттің тұрғын үй мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасы аясында тұрғындардың кірісі негізгі фактор саналатын тұрғын үйге қол жетімділік баспалдақтары жасалып, енгізілді. Процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2019 жылдың аяғынан бастап мақсатты мемлекеттік қолдаудың атаулы болуын және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында кезектегі азаматтардың бірыңғай республикалық тізімі енгізілді. Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекке бөлінетін қаражат көлемі 326,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Осы жылдың алғашқы төрт айында 586 мың адамнан тұратын 113 мың отбасыға АӘК төленді.

Елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Президент Ұлттық Банкке төмен инфляцияны ұстап тұру мен экономикалық өсуге қол жеткізу арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын» әзірлеуді тапсырды.

Шағын және орта бизнес – кез-келген мемлекеттің экономикалық дамуының тірегі. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ субъектілерінің Қазақстан экономикасындағы үлесі 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2%-ға артып, 29,5% құрады. Оның экономикадағы рөлін ескере отырып, ШОБ қолдау басым бағыт болып саналады. Кәсіпкерлікті дамытуға және отандық тауар өндірісін жандандыруға жәрдемдесу мақсатында 2019 жылдың басынан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» атты жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Дағдарыс кезіндегі кәсіпкерлікті қолдау және ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Президент бағдарламаны қаржыландыруды 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды, бұл көптеген ШОБ жұмыс орындарын сақтауға және экономикалық белсенділіктің төмендеуінің қиын жағдайларында дамуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың бұл бастамаларының нәтижесі ретінде 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының оң көрсеткіштерін, яғни ЖІӨ өсімінің 2018 жылғы 4,1% көрсеткіштен асып, 4,5% деңгейінде тіркелгенін айтуға болады. Оң динамика экономиканың барлық негізгі салаларында байқалды. Өнеркәсіп өндірісі 3,8%-ға өсті, бөлшек сауда 2018 жылғы деңгейге қарағанда жеделдеп, 5,8% құрады, бұл ретте машина жасауда – 20,9%, жеңіл өнеркәсіпте – 13,5% артып, айтарлықтай өсу байқалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,9% өсті, көлік саласындағы барлық бағыттар бойынша өсу байқалды, осы салада қызметтердің нақты көлем индексі 5,1% құрады.

Коронавирустық инфекцияның жаңа түрінің пайда болуы замануи әлем үшін жаңа сынақ болды. COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикаға едәуір зиян келтірді, қалыптасқан өндірістік тізбектерді жойып, әлемдік мұнай нарығындағы құлдырауға әкелді.

Қазақстанда коронавируспен күреске және дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражат шамамен 6 трлн. теңге немесе 13 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл елдің ЖІӨ-нің 8% сайып келеді. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында 2020 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасының өсуі 2,7% деңгейінде тіркелді.

Пандемия салдарынан туындаған жаһандық қатерлер ел экономикасындағы жағдайға жаңаша көзқарас пен шешілуі тиіс мәселелерді қайта ой елегінен өткізу қажеттілігін өзектендірді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Үкіметке қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, экономикалық саясаттың жаңа бағытын қалыптастыру міндетін қойды. Елдегі экономикалық өсуді қалпына келтірудің кешенді жоспары жасалып, жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, экономиканы одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін шешу барысында Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстанның болашақта экономикалық дамуы қоғамдық-саяси өмірді модернизациялаусыз мүмкін емес екендігін баса айтты. Экономикалық өсудің жаңа сапасына қол жеткізу әлеуметтік-саяси жүйедегі ілгерілеу жағдайында жүзеге асуы тиіс.

Қоғамдық-саяси саладағы реформалар жиынтығы аясында Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, оны тиімді жүзеге асыруда, оның негізіне – ашықтық және жариялылық, инклюзивтілік, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру қағиаттары алынған.

Азаматтардың сындарлы өтініштеріне жедел жауап беру – демократиялық мемлекеттің белгісі. Азаматтар мен жергілікті шенеуніктер арасында кері байланыстың болмауы мемлекеттік аппараттың тиімсіздігіне әкеледі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үш бағытта жүзеге асырылады. Ақпараттық-түсіндіру бағыты аясында мемлекеттің негізгі қызметі халыққа жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру. Халықпен кері байланысты қамтамасыз ету бағыты әртүрлі арналар арқылы келіп түскен азаматтардың өтініштері мен шағымдарына жауап беру және азаматтардың тікелей қатысуы арқылы жүзеге асырылады: қоғамдық қабылдаулар, әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен жеке кездесулер. Мәселен, 2019 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Виртуалды қабылдау бөлмесі құрылғаннан бері 12 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың 1500-ге жуығы орындалып, 10 мыңнан астамы орындалу барысында.

Жұмыстың келесі бағыты – консультативтік-кеңесші органдарды құру, оның аясында мемлекет еліміздің белсенді азаматтарымен жүйе құрушы мәселелер бойынша консенсустық шешімдерді іздестіру және әзірлеуге қатысты тікелей диалогқа қатысады.

Қоғамдық пікірді зерделеу нәтижелері халықпен байланыстың қолданыстағы арналарының тиімділігін көрсетті. 2020 жылдың наурыз айында жүргізілген республикалық әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 71,7%-ы өткен жылы мемлекет өз азаматтарының пікіріне «құлақ аса бастағанын» айтқан. Мәселен, жылдың басында бұл көрсеткіш 62,6% құраған еді.

Осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы» Жарлыққа қол қойды, оның басты міндеті – елдің экономикалық және саяси өзекті мәселелеріне қатысты жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шараларды әзірлеу. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жаңа саяси мәдениеттің формуласы өзінің тікелей қағидасын сындарлы диалог – «әртүрлі пікірлер – біртұтас ұлт» арқылы жүзеге асырды. Бұл орган өзінің тиімділігі мен жоғары мемлекеттік беделін дәлелдеді. Оның іс-әрекеттерінің арқасында бүгінде өзара алшақтау азайып, азаматтық қоғам бастамалары жинақталды және модернизацияның нақты күн тәртібі құрылуда.

Өзінің құрылған сәтінен бастап бір жыл ішінде Ұлттық кеңес үш отырыс өткізді, олардың барысында экономикалық және әлеуметтік-саяси сипаттағы өзекті мәселелер талқыланды. Отырыстар арасында Кеңес мүшелерінің жұмыс топтары осы бағыттардың әрқайсысы бойынша заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысты. Сонымен қатар, Президент Қ.К. Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелерімен үнемі жеке кездесулер өткізіп тұрады.

Ұлттық сенім кеңесі алаңында бастау алып, Президент Қ.К. Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар пакетіндегі маңызды тармақтардың бірі – бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы жетілдіру болды. Митингілер ұйымдастырудың хабарламалық қағидатын енгізуді және процедураларды жалпы ырықтандыруды қарастыратын заң жобасы онлайн-алаңдарда, ЕҚЫҰ, USAID, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесімен, адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кеңінен талқыланды және осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Заңға қол қойды.

Түзетулердің маңыздылығы – алғаш рет бейбіт жиналыс, шеру, митинг, пикет және басқа да ұғымдардың енгізілгендігінде болды. Парламент Сенаты тарапынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс орталықтарында жиналыстар мен митингілерге арналған арнайы орындардың саны туралы толықтырулар мен түсіндірулер енгізілді. Осылайша, бұл жерде маңызды мәселе қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер туралы ғана емес, бейбіт жиналыстардың барлық түрлерін ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін тұжырымдамалық жаңа заң туралы болып отыр.

Бейбіт митингтер туралы заң митингілерге концептуалды көзқарастарды өзгерту арқылы қоғамдық-саяси салаға әсер ететін Президенттің маңызды бастамасына айналды. Атап айтқанда, оларды ұйымдастырудың хабарлама қағидатын енгізу. Митингілер мәдениетін қалыптастыру, бұл тек азаматтардың құқықтарын ғана емес, сонымен бірге олардың жауапкершілігін де қамтиды, азаматтық қоғамның саяси процестерге белсенді қатысуы бағытындағы саяси жүйенің эволюциясының негізгі элементі болып табылады.

Заманауи саяси жүйені реформалау саласында маңызды қадамдар жасалуда. Партиялық плюрализмді дамыту, оппозиция институт қалыптастыру және саяси партияларды тіркеудегі әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Мемлекет басшысы қатысушылардың санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартуды ұсынды. Сонымен қатар, әйелдер мен жастардың партиялық тізімдерде кемінде 30% ұсынылуына міндетті квота қарастырылған, бұл олардың саяси шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтеді.

Жастардың заң шығарушы және жергілікті өкілді билік органдарына қатысуы олардың шешім қабылдау процесіне және мемлекеттік басқару жүйесіне араласуының маңызды көрсеткіші болып табылады. 2018 жылға арналған Қазақстанның жастар туралы ұлттық есебіне сәйкес, облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында 29 жасқа дейінгі депутаттардың өкілдігінің төмендеу тенденциясы байқалады. Мәселен, егер 2017 жылы Қазақстандағы жас депутаттардың жалпы саны 122 болса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 96-ға дейін төмендеді. Әйелдердің саяси қатысу көрсеткіштеріне келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі әйелдердің үлесі 21,7% құрайды. (Мәжілісте – 25,9%, 104 орынның 27-і; Сенатта – 12,5%, 48 орынның 6-ы). Мәслихат деңгейінде әйелдердің үлесі 22,19% (облыстық – 15,72%, қалалық – 22,82%, аудандық – 23,70%) құрайды.

Жалпы, квота саясаты – бұл айтарлықтай кең таралған халықаралық тәжірибе. Арнайы квоталар Еуропа елдерінде қолданыста бар және Германия, Норвегия, Франция, Бельгия елдерінде бұған ұқсас нормалар заңмен бекітілген. Алайда, «позитивті дискриминация» тетігі ретіндегі квоталық саясатқа қатысты талас-тартыстар бүгінгі таңда да сақталып отыр. Алайда, саяси шешімдер қабылдау процесіне жастар мен әйелдердің қатысу деңгейінің төмендігін ескере отырып, біздің елімізде квота енгізу әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын ынталандыра алады.

Қазақстандық саяси жүйені демократияландыру бағытындағы маңызды шешімдердің бірі – парламент туралы және оның депутаттарының мәртебесі туралы, сондай-ақ саяси оппозиция мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізу. «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң деңгейінде Парламент Мәжілісінде парламенттік көпшілік құрамына кірмеген және, әдетте, саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты өзгеше ұстанымымен ерекшеленетін саяси партиялар үшін «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізілген. Бұл жаңашылдық Венеция комиссиясының ұсыныстарына сәйкес келеді. Осы кезден бастап Қазақстандағы парламенттік оппозиция үшін келесі құқықтық кепілдіктер бар: мемлекет пен қоғамның өмірлік маңызды мәселелері бойынша парламенттік тыңдауларға бастамашылық жасауға, әр сессияда кемінде 1 рет; парламенттегі үкімет сағатының күн тәртібін бекітуге, сессияда кемінде 2 рет; оппозиция келіспейтін үкіметтік заң жобаларына қатысты балама заң жобаларын енгізу және басқа нормалар.

Саяси плюрализм және азаматтық бақылау – мемлекеттік аппарат үшін «сыни көз» ретінде, тоқыраудан, сыбайлас жемқорлық және басқа да жағымсыз құбылыстардан сақтандыру мен кепілдік болып табалды. Алайда, біз саяси жаңғырту процестерін тездетпеуіміз керек. Кәсіпқойлыққа, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау қағидаттарына және күшті қазақстандық мемлекеттіліктің басымдығына негізделген біртіндеп жүретін эволюциялық тәсіл Мемлекет басшысы бастаған және жүзеге асырылып жатқан барлық саяси және экономикалық реформалардың негізі болып табылады және оның түпкі мақсаты барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру болып қала бермек.

Заманауи ішкі саяси үрдістер ішкі саясатты жүзеге асыруда мүлдем жаңа, модернизацияланған көзқарастар қажеттілігін байқатады. Ішкі саяси өзгерістер қоғамдық даму мен жаңғыртумен, азаматтардың әртүрлі деңгейдегі шешімдер қабылдауға қатысуға деген ұмтылыстарымен үйлестікте жүріп жатыр.

Қазіргі Президенттің ұстанымдарына келетін болсақ, көпшілік Қ.К.Тоқаевты сенімді және кәсіпқой басқарушы ретінде қабылдайды. Қазақстандықтар Мемлекет басшысына қалай әрекет ету керектігін білетін және ұтқыр шешім қабылдай алатын тұлға ретінде сенеді. Бұл әсіресе COVID-19-бен байланысты төтенше жағдай кезінде айқын байқалды.

Құнды практикалық және ғылыми-аналитикалық тәжірибенің үйлесуі Президентке еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуын ұдайы назарда ұстап, нақты және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Президенттің қоғамдық пікірді тыңдай білуі және халықтың әр түрлі топтарының сұраныстарына тез әрекет етуі сияқты қасиеттері оны ашық және қолжетімді көшбасшы ретінде танытады.

Тұтастай алғанда, қазақстандықтар Мемлекет басшысына деген халықтың сенімін арттыратын шаралар ретінде адалдықты, орындалатын мақсаттар қоюды және оларды жүзеге асыруды, кері байланысты, халықпен кездесуді, орталықтың өңірлермен тиімді және сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуін санайды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT