Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбековтің келіссөздерінен кейін бірқатар құжатқа қол қойылды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бішкекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің келіссөздерінен кейін екі ел үкіметтері арасында бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков екі ел мемлекет басшыларының Бірлескен декларациясына қол қойды.

Қазақстан мен Қырғыстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің: «Қазақстандық-қырғыз екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту туралы», «Қазақстандық-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктері туралы», «Логистика саласындағы ынтымақтастық туралы» және «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы» шешімдерге қол қойылды.

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім жасалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасында ««Қарасу-автожол» мен «Ақ-Тілек-автожол» өткізу бекеттері арасында жаңа көпір салу және қолданыстағы көпірді қайта жаңарту бойынша бірлескен іс-қимыл туралы» келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Қаржы министрлігі мен Қырғызстан Үкіметі жанындағы экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі мемлекеттік қызмет арасында экономикалық және қаржылық қылмыстармен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұдан бөлек, екі ел қорғаныс саласының ведомстволары арасында әскери аэродромдарда әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-техникалық қаматасыз ету және күзету туралы келісімге қол қойылды.

Денсаулық сақтау саласында екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.

Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғызстан Үкіметі жанындағы экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекция арасында метрологиялық қадағалау жүргізу кезінде тәжірибе алмасу саласындағы меморандумға қойылды.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен Қырғызстанның инвестицияларды ілгерілету және қорғау агенттігі арасында инвестициялық жобаларды ілгерілету мен жүзеге асыру бойынша келісім бекітілді.

Соңғы жаңалықтар