Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск АЛЖИР кешеніне тағзым етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңес Президенті Дональд Туск келіссөздер өткізіп, оның қорытындысында БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға сапар шеккені үшін біздің мейманға - Еуропалық кеңес Президенті Дональд Туск мырзаға ризашылығымды білдіремін. Біздің өңірге қатысты Еуропалық кеңес жаңа стратегия қабылдауы аясында Президент Дональд Тусктің Орталық Азия елдеріне сапарының маңызы айрықша. Бұл құжат және осы сапар Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрақтылықты нығайтуда Еуропалық тараптың күш-жігер жұмылдыруға дайын екендігін дәлелдейді», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Дональд Туск сапары ел тарихындағы ерекше күнмен тұспа-тұс келіп отырғандығын атап өтті.

«Бүгін біз миллиондаған адамның өмірін үзген сталиндік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тағдырдың тауқыметіне түскен азаматтардың арасында қазақтар ғана емес, Отанымызға күштеп қоныс аударылған 1,5 млн басқа ұлт өкілдері де бар. Осы орайда тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешеніне біз екеуіміз барып, тағзым етеміз. Бұл қазақ халқына және барлық қуғын-сүргін құрбандарына зор құрмет болса керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық бесінші саммиті өтті. Ал Еуропада парламенттік сайлау аяқталды. Бұл сайлаудың қорытындысы еуропалық билікті сақтау ісіне елеуі үлес қосатындығына және Еуропаның жаһандық аренада қуатты және ықпалды күш болып қала беретіндігіне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, АЛЖИР (Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины немесе Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) - cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола өңіріндегі халық жаулары әйелдерінің лагері. Кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Ақмола облысының бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол ауылында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар