Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған жоғары оқу орны туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мир» телеарнасына берген сұхбатында Президентке аталған оқу орнына 75 жыл толғаны туралы айтылып, Мемлекет басшысының студенттік өмірі туралы сұрақ қойылды.

«Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) - шынында да бірегей оқу орны. Ол Ресейде ғана емес, көптеген посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да танымал. Батыс та бұл институттан хабардар, себебі оның түлектері Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп жүр. Оның ректоры, академик Анатолий Торкуновтың күш-жігерімен бұл ЖОО студенттердің костюм мен галстукте жүруі сынды дәстүрлі және консервативті қағидаларын ұстануды үйлестіре алды. Бірақ, мұның бәрі артта қалды, қазіргі студенттер галстук тақпайтын да шығар. Біз оқыған жылдары галстукпен жүру міндетті еді», - деп еске алды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент 2017 жылы ММХҚИ түлектерінің кезекті форумын Қазақстан астанасында өткізуді ұйымдастыруға көмектескенін айтты.

«Сол кезде бізге институттың түлектері - танымал саяси, қоғам қайраткерлері, дипломаттар келген еді. Сондықтан, мұндай форумдарды өткізу өте маңызды. Менің білуімше, форум өткізу дәстүрі әлі де жалғасын табады және мен де бұл дәстүрді қолдаймын», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар