Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Қоянбаевқа «Шапағат» медалін табыстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шапағат» медалінің иегерлерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қостанай облысы «Қасарас» медициналық орталығының бас дәрігері Гүлмира Сейдеғалиева «Шапағат» медалімен марапатталды. Басқа да көптеген азаматтарымыз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды», - деді Мемлекет басшысы наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, Ақордадағы марапаттау рәсімінде Балқаш аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігері Ілияс Қалиев, блогер Денис Кривошеев және «Қазтелепродукт» студиясының бас продюсері Нұрлан Қоянбаев «Шапағат» медалін алды.

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Еліміздің ең жоғары атағы – «Қазақстанның еңбек ері» марапаты үш адамға табыс етілді.

«Отан» орденімен еңбек ардагері, көрнекті мелмекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбек пен танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева және көрнекті жазушы Сәбит Досанов марапатталды.

Ал І дәрежелі Барыс орденімен мемлекет және қоғам қайраткерлері – Нұртай Әбіқаев, Дариға Назарбаева, Қуаныш Сұлтанов және белгілі ғалым Тілектес Есболов, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев марапатталды.

Қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің мәдени дамуына және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат «Парасат» орденімен марапатталды.

Сонымен бірге, Президент шахматшы Жансая Әбдімәлікті «Құрмет» орденімен марапаттады.

Ал Күнсұлу Закарияға әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық табысталды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ұсынған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.


Соңғы жаңалықтар