Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты міндеттерін атады
2022 жылғы 12 қаңтар 23:10

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты міндеттерін атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парақшасында мемлекеттің басты міндеттерін жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

***

«Мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы – жаңа экономикалық бағыттың негізгі қағидалары.

Үкімет ұлттық валютаның тұрақты бағамын қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс. Теңгені бекемдемей және инфляцияны төмендетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инвесторлардың сеніміне ие болу мүмкін емес. Өңірлер арасындағы даму алшақтығын еңсеруге баса мән беру керек. Жұмыспен қамту мәселесін шешіп, еліміздің барлық облысының әлеуметтік және мәдени дамуына жағдай жасау керек. Аймақтарда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады.

Жалпыхалықтық «Қазақстан Халқына» қоры азаматтардың нақты проблемаларын шешуге қызмет етеді. Қор сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларды емдеуге көмектесіп, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысын қаржыландырады. Алматыны қалпына келтіруге қаржы бөлінеді.

Мемлекетіміздің тұтастығын, бейбітшілік пен келісімді бірлесіп сақтай алдық. Азаматтарымыз экстремистермен күресте патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетті. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл – шынайы жаңарудың кезеңі. Табысты әрі өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз!»

Еске салсақ, бұған дейін бұл міндеттер жеке -жеке берілген болатын. Толықырақ www.inform.kz лентасынан.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT