Қасым-Жомарт Тоқаев - лайық кандидат: Мұхтар Құл-Мұхаммед үш себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке лайықты кандидат болуының үш себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Елбасы, партиямыздың Көшбасшысы ұсынған кандидатураны толықтай қолдаймын. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президентінің сенімді серіктесі ретінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен-ақ еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырды, оған атсалысты. Екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы ең қиын кезеңде Қазақстан Үкіметін басқарды. Мен сол кезде Үкімет мүшесі ретінде оның басшылығымен қызмет істедім. 2001 жылы ол Премьер-Министр болған кезде, мен сол Үкіметте Ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім министрі болған едім», - деді сенатор «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы болған кезде өзі сенатор болып, заң шығару саласында бірге жұмыс істегенін атап өтті.

«Үшіншіден, жер бетіндегі барша қазақтарды бір ұлт деп есептейтін болсақ, сол барша қазақтың атынан әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасарлығына көтерілген жалғыз қандасымыз. Сондықтан елімізде де, халықаралық деңгейде де танылған тұлғаның мемлекетіміздегі биік лауазымға ұсынылуын толық қолдаймын», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Айта кетейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтіп, онда 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы бекітілді.

Соңғы жаңалықтар