Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық сарапшылар алдына жаңа міндеттер қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің (ҚХҚК) жыл сайынғы жиналысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумда сөз алған Сенат Төрағасы, ҚХҚК құрметті төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем дамуындағы үрдістерді жан-жақты әрі терең талдау тұрғысында Кеңес еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдер әзірленетін тиімді пікірталас орталығы болуы тиістігін атап өтті. Қ.Тоқаев негізгі екі ағымның - жаһандану мен ұлтшылдықтың түйісуі салдарынан туындаған әлемдегі жағдайлардың шиеленісті сипаттарын атап өтті. Төраға сондай-ақ қазіргі замандағы халықаралық қатынастарда бірінші кезекте нарық жолындағы күрес көрініс тауып отырғанына тоқталды. Осыған байланысты ықпалдасу бірлестіктеріндегі процестер салмақты талдауды қажет етеді. Қазақстан экономикасының мүддесіне орай әлеуетін күшейту тұрғысында Еуразиялық экономикалық одаққа ерекше назар аударылуы тиіс. Төраға сарапшыларды жаһандық саясатта салмақты орын ала бастаған ШЫҰ мәселелерімен шұғылдануға шақырды. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі мемлекеттермен ынтымақтастығы іргелі талдау жұмыстары бойынша дамуы тиіс.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, Кеңес аясында жүзеге асатын талдау жұмыстарына институттардың, орталықтардың, жалпы алғанда үкіметтік емес ұйымдардан тұратын бүкіл азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарту керек.

Оның пайымынша, Астана халықаралық қаржы орталығының тұсаукесері; Каспиймаңы мемлекеттерінің саммиті; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі секілді алда болатын геосаясаттағы маңызды оқиғалар тұрғысында сарапшылардың күш-жігері қажет болады. Бұл оқиғалар сарапшылардан орта және ұзақ мерзімдегі келешекке кәсіби болжам жасауды және пайдалы ұсыныстар әзірлеуді талап етеді.

Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Қарин Кеңестің 2017 жылғы жұмысы және 2018-2019 жылдарға арналған іс-қимылдың басым бағыттары жөнінде баяндады.

Шараға еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Президенттің көмекшісі Нұрлан Онжанов, отандық жетекші талдау орталықтарының басшылары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар