Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқорлықты бала тәрбиесіне енгізуді ұсынды

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Еңбекқорлық – Жаңа Қазақстанның басты құндылықтарының бірі болуы керек. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тыңбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн», - деді Президент.

Мемлекет басшысы «Толық адам» ұғымы туралы да ой толғады.

«Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «Толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар