Қасым-Жомарт Тоқаев Домбыра күніне арналған мерекелік концертті тамашалауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы "Қазақ елі" монументінің алдында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр. Концертті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңдағы үлкен сахнада бір мыңнан астам домбырашы «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көреғұлы» күйлерін төгілтеді. Күмбірлеген күйден бөлек жиналған көрермен назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылымын ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өнерлерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық музыкалық аспабымыз - домбыраны жырға қосады.

Сонымен қатар, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы орын тепкен. Келушілер домбыраның және басқа да ұлттық аспаптардың түр-түрімен танысуға мүмкіндіктері бар.

Мереке кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» концертімен жалғасады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы - сағат 18.00-де. Кіру - тегін.

Еске салайық, өткен жылы Ұлттық Домбыра күніне орай «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда домбыраның құлағында ойнайтын 2 мыңнан аса өнерпаздан құрылған оркестр өз өнерін ортаға салды. Флэшмобқа қатысу үшін еліміздің өңірлерінен де домбырашылар елордаға ат басын тіреді. Шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.

Айта кетейік, бұл қала тарихындағы айтулы оқиға болды. «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін орындаған домбырашыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Айтқали Жайымов дирижерлік етті. 1 шілдеде өткен Ұлттық Домбыра күніне арналған концертке белгілі музыканттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева, Нұркен Әшіров, дирижер Арман Жүлдебаев, «Бастау» тобы, «Серпер», «Асыл тобы», «Музарт», Асылбек Еңсепов және басқалары қатысты. Былтырғы қатысушының ең кішкентайы 7 жаста, ал ең үлкені - 75-те болды. Шара барысында ең жас қатысушыға Елбасы өз қолымен домбыра тарту етті.

Ұлттық домбыра күні 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен бекітілді және жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі.

Соңғы жаңалықтар