Қасым-Жомарт Тоқаев «Бизнеске арналған Үкімет» жобасымен танысты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары аясында Өңірлік кәсіпкерлер палатасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Президентіне облыстық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын таныстырды. Жоба мақсаты - «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан көрсету.

«Бизнеске арналған Үкіметте» кәсіпкерлерге қажетті кеңестер беріліп, жобаларына сүйемелдеу көрсетіледі. Бастысы - бәрі айқын, ашық және қолжетімді. Палата, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдарының өкілдері кең көлемді қызмет түрлерін ұсынады. Бизнес өкілдері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайтын болады. Қызметтерді онлайн режимде де алуға болады», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
null

«Бизнеске арналған Үкіметте» қызмет көрсетудің мамандандырылған 5 аймағы жұмыс істейді.

«Өткізу» аймағында бизнеске арналған маркетинг, бухгалтер қызметі, мемлекеттік сатып алу бойынша кеңестер, CT KZ сертификатын беру, сондай-ақ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, «ТАТЭК» АҚ, «Жетісу Су құбыры» ШЖҚ МКК, «Талдықорған жылу сервис» ҚМКК тарапынан қызметтер көрсетіледі.

«Қаржыландыру» аймағында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ сияқты қаржы ұйымдары мен даму институттарының қызметтері ұсынылған.
null

«Құқықтық сүйемелдеу» аймағында кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүдделерін қорғау қызметі, дауларды сотқа дейін реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, әділет департаменті, мемлекеттік кірістер басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, жер қатынастары басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге кеңес береді.

«Оқыту» аймағында өңір тұрғындары мен кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтар қысқа мерзімді оқытуға, «Бизнес Мектеп» пен «Бастау Бизнес» жобалары аясында кәсіпкерлік негіздерінің курсына жазыла алады. Жұмыспен қамту орталығының да қызметі көрсетіледі.

«Цифрлық қызмет көрсету» аймағында кәсіпкерлер онлайн режимінде мемлекеттік қызметтері мен «Atameken Services» порталы арқылы қажетті бизнес-қызмет түрлерін қолдана алады.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов аймақтық «Атамекеннің» кәсіпкерлер құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау, несиелендіру мен адами капиталды дамыту бағыттары аясындағы жұмыс нәтижесі туралы айтып берді. Палата ғимараты іскерлік форумдар, В2В кездесулер мен көрмелер өткізетін бірегей алаң саналады. Осында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 18 шара ұйымдастырылып, оған 12 500 кәсіпкер қатысты.
null

«Бастау Бизнес» оқыту жобасы ауыл тұрғындарының бастамаларына демеу болды. Қазіргі таңда оқу Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында өткізіліп жатыр. Өткен жылы біз 3361 азаматты оқытып шықтық. Олардың ішінде 955 жоба құны 2,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. Биыл 1500 кем емес адамды оқыту мен 900-ге тарта бизнес-жобаларды қаржыландыру жоспарланған», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов.

Бес жыл ішінде кәсіпкерлер палатасына құқықтық қолдау мақсатымен 2678 өтініш келіп түсті (2018 жылы 365 шағым тіркелген), 95 әкімшілік кедергі жойылған. Қолға алынған жұмыстар арқасында кәсіпкерлер 3,2 млрд теңге үнемдеді. Есепті кезеңде палатаның аудандық және қалалық филиалдарында 102 600 кәсіпкерге ақысыз сервистік қызметтер мен кеңестер берілді. Жұмыссыз жүрген және кәсіпті жаңадан бастаған 7200 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Оның ішінде 5 мыңнан астамы өз бизнесін ашты.

Жұмыс сапары аясында Қазақстан Президентіне «ALTYN OIMAQ» қазақстандық киім дизайнерлерінің жобасы таныстырылды. Байқау тұжырымдамасын «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова айтып берді. Байқау мақсаты - отандық сән индустриясын дамыту мен ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтау.

«Жоба жаңа есімдер мен брендтерді қолдауға, сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындарды дизайнерлермен біріктіруге бағытталған. Байқау бәсекеге қабілетті брендтерді құруға дайын кәсіпқойлардың жаңа буынын анықтауға мүмкіндік береді. «ALTYN OIMAQ» жас дизайнерлер үшін кәсіпқойлар қауымдастығына кіруде алтын көпір болмақ. Сонымен бірге, бұл - тәжірибелі дизайнерлерлерге жеке өнімдерін өткізу мен бизнесінің ауқымын кеңейтуге қолдау», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова.

Байқау лауреаттары бірнеше аталым бойынша анықталады. Үміткерлерді іріктеу кезеңінен соң қоғамдық онлайн дауыс беру басталады. Бұл өз кезегінде байқау жеңімпаздарын анықтайды.

Соңғы жаңалықтар