Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттер оң нәтиже беруі тиіс - Ескендір Ибрагим

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының іске асуына тұтас халық болып атсалысуымыз керек. Мұндай пікірді қазақстандық белгілі әнші, спортшы Ескендір Ибрагим айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрбір Қазақстан азаматы үшін елдің амандығы мен тыныштығы қымбат. Спортшы, әнші, қазақ баласы ретінде еліміздің бейбіт өмірі жолында еңбек етіп келеміз. Сондықтан бүгінгі ұлықтау рәсімі ғана емес, жалпы осы саяси науқан кезінде текті елдің ұрпағы екенімізді көрсетуіміз керек. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық дәрежедегі дипломат екенін баршамызға аян. Мемлекетті басқаруға кіріскен Президентімізге сәттілік тілейміз. Осы орайда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір-бірімізді қолдауымыз керек деп ойлаймын»,- деді белгілі әнші.

Оның пайымынша, Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттер алдағы уақытта оңтайлы нәтижелер беретін болады. Себебі өзінің мансапттың жолында мемлекеттік қызметте әбден ысылған, жетілген осындай азамат өзекті мәселелерді шешуде табандылық танытады.

«Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы билік халықтың жағдайын жасауға аса назар аударатынын қадап айтты. Соңғы кездері мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға айрықша мән берілуде. Бұл тұрғыда осы бастамалар толықтай жүзеге асырылады деп сенемін. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты міндеттер айқындалатынын атап өтті. Сондықтан бұл салаға тың серпін беріледі деген ойдамын», - деді Ескендір Ибрагим.

Соңғы жаңалықтар