Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысын электрмен қамтуға назар аударды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысын электрмен жабдықтаудағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстағы электр желілерінің 80 пайызы тозған. Белгілі нәрсе. Апаттар жиі болып, электр қуаты қайта-қайта үзіле береді. Мысалы, 2020 жылы 182 рет электр қуаты үзілген. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдануда?», - деп сұрады Мемлекет басшысы аталған өңірдің әкімі Ғали Есқалиевтен.

Облыс басшысы өңірдегі ауылдық елді мекендердің санына байланысты электр желісінің ұзақтығы 20 мың шақырымнан асатындығын және тозуы 80 пайызға жуықтайтындығын жасырмады.

«Соның кесірінен елді мекендерде, әсіресе ауылдарда электрмен жабдықтау тұрақсыз болып тұр. Сонымен қатар екі ауданымыз электр қуатын Ресейден сатып алып отыр. Яғни, электр желілерін қалпына келтіру және 2 ауданға электр желісін тарту өзекті мәселе. Оны шешу үшін тиісті іс-шараны қолданып жатырмыз. Қазіргі кезде Үкіметтің қолдауымен аймақтық электр тарату компаниясының акциялары коммуналдық меншікке алынуда. Кейін Үкіметпен келісіп, электр желілерін қалпына келтіру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына тиісті өзгертулер ұсынатын боламыз», - деп жауап берді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар