Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мен Пәкістан елшілерін қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Ауғанстанның және Пәкістанның елшілері Мухаммад Фархад Азимиді және Имтиаз Ахмад Казиді олардың өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенат төрағасы ауған дипломатымен кездесу барысында Қазақстан Ауғанстанды қайта қалпына келтіру жөніндегі халықаралық міндеттемелерді атқара беретінін және елдегі жағдайдың тезірек тұрақтануына мүдделі екенін атап өтті», - делінген Сенаттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің соңғы жеті жылдағы Кабулға алғашқы сапарын, сондай-ақ Нью-Йорктегі «Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өзара байланысты қауіпсіздік пен дамудың үлгісі ретінде аймақтық әріптестікті қалыптастыру» тақырыбында министрліктердің пікірсайыстарын ұйымдастырды. Біздің еліміздің ауған жастарының өкілдеріне жоғары, техникалық және кәсіптік білім беруге арналған бағдарламасына халықаралық қоғамдастық жоғары баға беріп отыр.

Елші М. Азими Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерге қосқан үлесі үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Қазақстандағы Пәкістан елшісі Имтияз Ахмад Казимен кездесу барысында Азия аймағындағы Пәкістанның маңызды рөлін, Қазақстанның осы мемлекетпен саяси және экономикалық ынтымақтастығын күшейту ниетін атап өтті.

Сенат төрағасы Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленісті жағдайдың тез арада шешілуіне мүдделілігін жеткізді: «Екі ел арасындағы ашық әрі сындарлы саяси және дипломатиялық үнқатысу қазіргі дағдарыстан шығудың тиімді, қолайлы бірден-бір жолы болып табылады деп санаймыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар