Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының негізгі миссиясын атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының форумының негізгі миссиясын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай:

Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау.

Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау.

Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру.

Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру.

Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту», - деді Мемлекет басшысы форумының жалпы отырысында.

Президенттің айтуына қарағанда, бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді.

«Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынас өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елордадағы Астана халықаралық форумының жалпы отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.

Сонымен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйлейді деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар