Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балаларды оңалту орталығына шағын автобус сыйлады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды. Орталық мүгедек балалар мен қимыл-тірек аппаратында ақауы бар 18 жастан асқан адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге мамандандырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңалту бөлмелерін аралап көріп, қызметкерлермен әңгімелесті. Мемлекет басшысына балалар мүгедектігінің алдын алуға, БЦСА-мен ауыратын балаларды көпжақты оңалтуға және жан-жақты әлеуметтік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды.

Президент аталған жобаның ізгі мақсатын атап өтіп, оны бүкіл Республика көлемінде таратудың маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерінің және демеушілердің қаржысына ашу қажет.

Соңында Мемлекет басшысы Орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті.

Соңғы жаңалықтар