Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік діндер көшбасшыларының VI съезін қорытындылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аяқталып, съездің қорытынды декларациясы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев съез қорытындысында қатысушылардың барлығына алғыс айтты.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өз жұмысын аяқтауда. Барлық делегациялардың басшылары мен қонақтарына, халықаралық ұйымдардың жоғарғы өкілдеріне съез жұмысына белсенді қатысып, сындарлы үлес қосқаны үшін алғысымды білдіремін. Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият, діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне сенемін. Съездің түпкі мақсаты да осыны көздейді. Барлық конфессия өкілдерінің белсенділігі мен өзара іс-қимылдары қарқынын жоғалтпауы тиіс. Форум барысында ашық айтылған мазмұнды ой-пікірлер мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат төрағасы өз сөзінде әлемнің жаңа бейнесіне қатысты ортақ көзқарас пен ортақ түсіністік барына көз жеткізгенін айтты.

«Бүгін де съездің шынайы алаңы - Астана ғана емес, барша әлем қауымдастығы. Себебі, бүкіл әлемде әр алуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адам бейбітшілікті, тұрақтылықты, тыныштықты қалайды. Халықтар шын мәнінде бітімгершілікке зәру екені анық. Бүгін осы залда отырған дін жетекшілері, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары өз мемлекеттері мен халқына алтыншы съездің қорытындыларын жеткізер деп үміттенемін. Декларацияның негізгі шешімдерін азаматтық қоғамның барлық дүниедегі институттары арқылы сіздер белсенді түрде насихаттайды деп сенемін. Делегация басшыларына, алтыншы съездің барлық қонақтарына бейбітшілік пен жасампаздық жолында жасаған қызметтері және съездің ізгі бастамаларын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесі үшін алғыс айтамын», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің декларациясы жобасы барлық өкілдермен, Хатшылықтың мүшелерімен, жұмыс тобымен мақұлданғанын атап өтті. Осыдан кейін қорытынды құжатты Дін көшбасшыларының кеңесі мақұлдады.

Жиын соңында Әлемдік діндер көшбасшыларының VI съезіне арналған пошта маркасы таныстырылды. Онда съездің логотипі, Бейбітшілік жән келісім сарайы, зәйтүн ағашының бұтақтары мен бейбітшіліктің символына айналған көгершіндер бейнеленген. Сондай-ақ пошта маркасында қазақ және ағылшын тілдерінде «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі» деген жазу бар. Марканың таралымы - 20 мың дана.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада кеше басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.

Соңғы жаңалықтар