Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында (АҚШ) өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23-25 қыркүйек аралығында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысады.

«Бас Ассамблеяның жұмысына 196 делегация, 100-ге жуық мемлекет басшылары, БҰҰ-ға мүше елдердің 80-нен аса Үкімет және сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері қатысады. Осы маңызды шараның аясында 630 түрлі кездесулер өтеді деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның Жалпы пікірсайысында баяндама жасайды. Биыл аталған пікірсайыс «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбында өтеді», - деп жазады Берік Уәли facebook парақшасында.

Сондай-ақ Президент тұрақты даму мәселелері жөніндегі саяси Форумда сөз сөйлейді.

«Президент тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси Форумда сөз сөйлейді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес және трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси және сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған. Қазақстан Президентінің БҰҰ БА-ның жоғары деңгейдегі жиынына қатысуы еліміздің бірқатар сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге бағытталған. Атап айтқанда, қарусыздандыру және оны таратпау, бітімгершілік, терроризмге қарсы әрекет ету ұстанымдары талқыланады. Сонымен бірге, кең ауқымды халықаралық аудиторияның назарына орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған ортаның азып-тозуы сынды жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты Қазақстанның көзқарасы ұсынылады»,- деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.



Соңғы жаңалықтар